2025 жылы «Самұрық-Қазына» қорының табысы азаюы мүмкін

2025 жылы ірі квазимемлекеттік компаниялардың басын біріктіріп отырған «Самұрық-Қазына» қорының қаржы жағдайы нашарлауы ықтимал. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 2025 жылы қордың таза пайдасы 1,44 трлн теңгеге дейін төмендеуі мүмкін екенін айтады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,79 трлн теңгені құраған.
Қордың жалпы кірісі де төмендеуі ықтимал. Қордың 2024 жылғы кірісі 17,171 трлн теңге болса, 2025 жылы 16,814 трлн теңгеге дейін қысқаруы мүмкін. Одан бөлек, қордың қарызы да өсіп келеді: 2023 жылы – 7,872 трлн теңге, 2024 жылы – 9,039 трлн теңге, ал 2025 жылы 10,289 трлн теңгеге жетуі ықтимал.
Қор табысының кемуіне негізінен мұнай мен ураннның арзандауы әсер етеді. 2024 жылы Brent маркалы мұнай бағасы 81 доллар болса, 2025 жылы 75 долларға дейін арзандауы мүмкін. Сондай-ақ 2024 жылдың соңында уран бағасы 68 доллар/фунт деңгейіне дейін төмендегендіктен, 2025 жылға консервативті болжам жасалған.
Сонымен қатар қордың қаржы көрсеткіштеріне портфельдік компаниялардың дивидендтері де әсер етеді. 2023 жылы Үкімет шешімімен «ҚазМұнайГаздың» 20% және «Қазатомөнеркәсіптің» 12,5% акциясы Ұлттық қор қаржысына сатылған болатын. Осыған байланысты, 2025 жылы Қор «ҚазМұнайГаздан» 20%-ға, ал «Қазатомпромнан» 12,5%-ға аз дивиденд алуы мүмкін.
Жақында ғана Ұлттық банк қос компанияның осы акцияларын «Самұрық-Қазынаның» сенімгерлік басқаруы берді.
Сонымен қатар Жақыпов «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақстан Темір Жолы» (ҚТЖ) мен QazaqGaz сияқты компанияларды IPO-ға дайындап жатқанын мәлімдеді.