
2025 жылы қаңтар-ақпанда такси пайдаланған жолаушылар саны 20,6 млн-ға жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 2,4 есе көп. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, мұндай жоғары көрсеткіш соңғы үш жылда алғаш рет тіркеліп отыр.
Қаңтар мен ақпан айының әрқайсысында шамамен 10 млн адам такси пайдаланған. Оған дейінгі кезеңдерде ай сайын 7 млн адам таксиге жүгінген. Бюро мамандары нарық үшін бұл ерекше құбылыс деп отыр.
«Теориялық тұрғыдан, такси қызметтеріне сұраныс маусымдық сипатқа ие болуы керек – кейбір айларда жоғары, ал кейбірінде төмен. Мысалы, жылдағы ең жоғары сұраныс желтоқсанда болуы мүмкін еді, себебі бұл уақытта адамдар мерекелік іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Ал ең төменгі көрсеткіш қаңтарда тіркелуі керек еді. Алайда ай сайынғы динамикада маусымдылықтың еш белгісі жоқ», – дейді олар.
Ұлттық бюро дерегінше, такси қызметіне сұраныстың ерекше артуы 2024 жылдың қыркүйегінде «Яндекс.Такси» пилоттық жобасының аяқталуымен тура келген. Оның аясында такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп барып қана тапсырыс алуы керек. Есесіне олар салық төлеп, әлеуметтік қамту жүйесіне тіркеле алады.
«Яндекс.Таксидің» мәліметінше, осы өзгерістер енгізілгеннен кейін, жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін таксистер саны айтарлықтай артқан.
Ескерте кету керек, мұндай зерттеу жүргізгенде, бюро мамандары такси арқылы тасымалданған жолаушылар санын арнайы формула бойынша есептейді. Дегенмен халықтың такси қызметін қанша рет пайдаланғанын дәл анықтау қиын. Әзірге әр таксидің жолаушы орындығына арнайы датчик орнатылып, оған кім отырса да автоматты түрде есепке алатын жүйе енгізілген жоқ.
Биылдан бастап таксидің жұмысын ашық әрі қауіпсіз ету үшін қызметті бақылау тетіктері артады.Енді біреудің атынан тіркеліп такси айдау қиындай түседі.