Apple екеуара әңгімені тікелей аударатын AirPods функциясын енгізеді

Жарияланды 14 Наурыз 2025 10:31

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Енді шетел азаматымен құлаққап көмегімен қысылмай сөйлесе аласыз / сурет жасанды интеллект көмегімен дайындалды, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Енді тіл білмесеңіз де, шетел азаматымен шынайы өмірде еркін сөйлесе аласыз. Apple Inc. екеуара әңгімені бірден тікелей аударатын AirPods жаңа функциясын енгізгелі жатыр.

Тіл білмейтіндер үшін таптырмас әдіс

Bloomberg дереккөздерінің хабарлауынша, компания жаңа функцияны биыл енгізуді жоспарлап отыр. Мұндай мүмкіндік құлаққап бағдарламасын жаңартқан уақытта пайда болады. Агенттік дереккөздері аты-жөнін атамауды өтінген, себебі олар жобаны алдын ала жариялай алмайды.

Жаңа функция Apple компаниясының мобильді құрылғыларына арналған iOS 19 операциялық жүйесі жаңартылған уақытта пайда болады.

AirPods бәсекелесі саналатын Google Pixel Buds құлаққаптарында мұндай функция баяғыдан бар. Ал Apple 2020 жылдан бері төл Translate қосымшасын ұсынып келеді.

Соған қарамастан, жаңа функция құлаққап қолданушыларының өзін Star Trek фильмінің кейіпкері сияқты сезіне алатындай ыңғайлы етіп жасалмақ.

AirPods функциясы қалай жұмыс істейді?

Жаңа функцияның жұмыс істеу әдісі қарапайым: егер қазақ тілінде сөйлейтін азамат біреудің ағылшын тілінде сөйлеп тұрғанын естісе, iPhone оны аударып, құлаққап киген қолданушыға қазақша жеткізеді. Ал ағылшын тілінде сөйлейтін адам қазақ азаматының айтқандарын қазақша естиді.

Бұған қоса, компания iOS-тың жаңартқан уақытта macOS дизайнын да өзгертіп, операциялық жүйені жаңа буын қолданушыларына мейлінше ыңғайлы етіп жасауды көздейді. Сонымен бірге Apple компаниясы аударма технологиясын iOS 19-ға енгізеді.

Жаңа AirPods алу керек пе?

Компания құлаққаптарына үнемі жаңа функциялар енгізіп келеді, яғни оларды қолдану үшін жаңасын сатып алудың қажеті жоқ.

Былтыр Apple өкілдері есту қабілеті төмен қолданушылар үшін жаңа опция енгізген. Есту аппаратынының көмегімен адамдар дәрігерге бармай-ақ есту қабілетін тексеру мүмкіндігіне ие болды. Мұндай жаңалық екінші буынға жатады.

Енді Apple үшінші буынға жататын AirPods Pro нұсқасын дайындап жатыр. Сол кезде компания өнімдеріне орнатылған камералар жасанды интеллект көмегімен қоршаған ортаны сараптаға мүмкіндік алады.

Былтыр Apple компаниясы AirPods Max құлаққаптарын түрлі түстермен шығара бастаған. Бұған қоса 2024 жылы арзан AirPods 4 үлгісі саудаға шыққан.

Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Apple ең арзан iPhone 16E смартфонын таныстырды. Ол Қазақстанға енді ғана жетті.

Сондай-ақ оқыңыз