Жаңалықтар

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева оқыстан қайтыс болды

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева оқыс жағдайда өмірден өтті
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева оқыстан қайтыс болды/Фото: ОАМ

ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева дүние салды. Бұл туралы министрлік хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұжымы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаеваның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады» делінген қаралы хабарламада.

Наталья Васильевна 1965 жылғы 29 наурызда Қарағанды облысы Теміртау қаласында дүниеге келген. Оның педагогикалық жолы 1987 жылы Қызылорда және Алматы қалаларының мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі қызметінен басталған.

2013-2016 жылдары әдіскер, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары және Жасөспірімдер мен оқушылар үйінің директоры болып жұмыс істеген.

2016 жылы Наталья Васильевна Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты болып сайланған.

2021 жылы білім беру саласындағы қызметін жалғастырып, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының кеңесшісі, Педагогикалық шеберлік орталығының білім беру бағдарламалары және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директордың орынбасары, кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2023 жылдың қыркүйегінде Оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалған.

Алдын ала мәлімет бойынша Наталья Жұмаділдаева отадан кейін көз жұмған болуы мүмкін