
Қазақстанда алтын бағасы қатты қымбаттады. Ұлттық банктің ресми бағамына сәйкес, бағалы металдың 1 грамы 48,7 мың теңгеге жеткен.
Ресми бағам бойынша алтын өткен жұмадағы 46,9 мың теңгеден 48,7 мың теңгеге жеткен. 3 күнде 1 грамы бірден 2000 теңгеге қымбаттады. Ал бір унция алтынның құны 1,5 млн теңгеден асады.
Бұл – рекордық көрсеткіш. 2023 жылдан бері бағасы көтеріліп келе жатқан алтын құны былтыр 40% қосты. 2024 жылдың көктемінде алтынның 1 грамы 31 мың теңге тұратын.
Бағалы металдың бағасы әлемдік нарықта да шарықтап, 1 унциясы 3000 долларға жақындап қалды.
Алтын бағасының күрт қымбаттауына не себеп?
Шетелдік БАҚ әлемдік нарықта алтын бағасының күрт қымбаттауыны бірнеше себеп бар екенін атап өтеді.
Геосаяси тұрақсыздық және экономика жағдайына алаңдау. Finansical Times басылымы АҚШ-тың сауда саясатына байланысты нарықтың құбылуы пен экономикалық өсімге қатысты алаң көңіл инвесторларды алтын сияқты қауіпсіз активтерге бет бұруға итермелейді деп жазады.
АҚШ-тың пайыздық мөлшерлемелерінің төмендеуі: АҚШ Федералды резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді төмендету мүмкіндігі инвесторларды тағы да алтынға инвестициялауға ынталандырады. Өйткені төмен пайыздық мөлшерлемелер алтын ұстаудың балама құнын азайтады.
Орталық банктердің алтынға сұранысының артуы: Әлемдегі көптеген орталық банктер, әсіресе, Қытай, өздерінің резервтерін әртараптандыру мақсатында алтын сатып алуды көбейтіп жатыр. Бұл да алтын бағасының өсуіне ықпал етеді
Bloomberg басылымы Америка экономикасы қай бағытта құбылатынын дөп болжай алмаған инвесторлар қауіпсіз актив іздеуге мәжбүр деп жазды.
Macquarie Group 2025 жылдың екінші тоқсанында алтынның бір унциясының құны 3500 долларға дейін көтеріледі деп болжады.