Алтын бағасы тағы көтерілді: инвесторлар қауіпсіз актив іздейді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алтын 2023 жылдан бері тоқтаусыз қымбаттап келеді / фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алтын бағасы бір жылдың ішінде шамамен 1 мың долларға көтеріліп, бір унциясының құны 3 мың долларға тақап қалды. 2990,21 доллар – жаңа рекорд.

Инвесторлар қауіпсіз актив іздеуге мәжбүр

Құнды металл бағасының тағы көтерілуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа тариф саясаты әсер етіп отыр. Америка экономикасы қай бағытта құбылатынын дөп болжай алмаған инвесторлар қауіпсіз актив іздеуге мәжбүр деп жазды Bloomberg.

Сол себепті алтын өткен аптада және бір күн бұрын орнатқан рекордын тағы жаңартты. Енді алтынның бір унциясы 2990,21 доллар тұрады. Салыстырар болсақ, шамамен екі жыл бұрын оның құны 2 мың доллардан төмен болған.

Алтын 3 мың долларлық межені жақында бағындыруы мүмкін / графика: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Трамп саясатының салдары

13 наурыз, бейсенбіде S&P 500 индексі кейінгі екі жылда алғаш рет шамамен 10%-ға құлдырады. Бұл уақытта ақпандағы өсімнен бері шамамен 5 трлн доллар күйіп кетті. Осының бәрі алтынның қымбаттауына әкелді.

Оның үстіне Трамп бейсенбі күні Еуропаның шарап, шампань және басқа да алкоголь өнімдеріне 200% баж салығын енгізем деп қорқытқан. Бұған қоса АҚШ президенті осы аптада күшіне енген алюминий, болат тарифтерін түсірмейтінін мәлімдеді. Осының өзі инвесторлардың көңіл-күйін одан сайын түсіріп жіберді.

Алтын бағасына болжам

Банктер Трамптың сауда саясаты және содан туындайтын мәселелер алтын бағасын бұдан кейін де көтере береді деп есептейді.

Осы аптада Macquarie Group 2025 жылдың екінші тоқсанында алтынның бір унциясының құны 3500 долларға дейін көтеріледі деп болжады.

Ал бүгін таңертең Сингапурде бір унция 2,988.09 доллар бағамен саудаланған. Күміс құны сәл түссе, платина мен палладий қымбаттаған.

Сондай-ақ оқыңыз