
Жамбыл облысындағы балабақшалардың бірінде балалар жаппай уланып, ауруханаға түскен. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, оқиға Меркі ауданындағы «Нұрай» бөбекжай бақшасында болған. 17 наурыз күні бұл балабақша 10 тәрбиеленушісі аудандық ауруханаға жеткізілген.
9 балаға жіті ішек инфекциясы, 1 балаға энтеровирусты инфекция диагнозы қойылған.
Ауруханаға жеткізілген бір баланы денсаулығы ауыр деп бағаланып, жансақтау бөліміне жеткізілген.
»1 бала жансақтау бөліміне ауыстырылған, жағдайы бірқалыпты. Оң нәтижелер байқалуда», – делінген әкімдік хабарламасында.
Бұл оқиғадан кейін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс тобын құруды тапсырған. Бұл топ әр баланың жағдайымен танысып, жағдайдың себебін анықтайды.
Ал балабақшаны Меркі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы өз бақылауына алып, тексеру жұмыстарын бастап кеткен. Ғимаратта залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін бөбекжай екі тәулікке жабылған.
Айта кетсек, 3 ақпан күні Жаңаөзенде 100 бүлдіршіннің балабақша тамағынан уланғаны туралы хабарланды. Ал 2024 жылдың күзінде Маңғыстау облысында мектеп оқушылары жаппай тамақтан уланып, ауруханаға түскен болатын.