Жаңалықтар

Алтын қымбат. Бағалы құйманы қайдан алып, қалай сақтаймыз

Қазақстанда алтын арзан, әлемде әлдеқайда қымбат / фото: sutterstock

Алтын бағасы шарықтап тұр. Бес жыл бұрын ғана 1 грамм алтын 15 мың теңге тұрса, қазір оның бағасы 48 мың теңгеден жоғары. Бұл – инфляция көрсеткіші ғана емес. Алтын шынымен қымбат.

Қазақстандағы және әлемдегі алтын бағасы

Қазақстан Ұлттық банкінің 2025 жылғы 18 наурыздағы мәліметінше, 1 грамм алтын құны – 48 072 теңге.

Елімізде ғана емес, бүкіл әлемде оның бағасы шарықтап тұр. Әлем нарығында алтынның 1 унциясы 3 мың долларды 14 наурызда бағындырған.

1 унция – 28,3495 грамм. Демек Қазақстанда алтын әлемдегі бағадан әлдеқайда – 300 долларға арзан. Елде алтынның 1 унциясы шамамен 2700 доллар тұрады.

Алтын бағасының көтерілуіне не себеп?

Байлықты құнын жоғалтпай сақтаудың ең тиімді әдісі – алтын. Оны жұрттың бәрі біледі. Әлем мемлекеттері алтын қорын құрып, байлықтың бір бөлігін сонда сақтайды. Нарық кең.

Алтын құймаларының ең үлкені 300 кг, ал ең кішісі 1 гр. Осы аралықтағы қалаған құйманы сатып алуға, ешкім ұрламайтын қауіпсіз жерде сақтауға да болады.

Әлемде тыныштық кетіп, үш құрлық арасында сауда соғысы басталған уақытта, инвесторлар таңдауы алтынға түсті. Соған байланысты баға кейінгі бірнеше айда үздіксіз көтерілді.

Алтын 2023 жылдан бері тоқтаусыз қымбаттап келеді / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда алтын көп

Біз алтынға бай өлкеде тұрамыз. Республика алтынның нақтыланған қоры бойынша әлем елдерінің бірінші ондығына кіреді. Өндірісі де едәуір ілгері. Елде 200-ге тарта алтын кені бар.

Елімізде алтынның әлемдік бағадан әлдеқайда арзан болуының бір себебі осында жатыр. Алтын нарығында да бәсеке жетерлік.

Бағалы құйманы қайдан алуға болады?

Қазақстанда алтынды қайдан алам деп ешкім бас қатырмайды. Оны үйден шықпай-ақ онлайн сатып алуға болады. Монета түрінде де, құйма түрінде де. Жарнамалардан көз сүрінеді.

Алайда алтын құймасын таңдаған уақытта мұқият болған абзал! Өйткені қара базарда саудаланып жатқан алтындардың қаншалықты сапалы екеніне ешкім кепілдік бере алмайды.

Сол себепті Ұлттық банк аффинирленген алтын құймасының саудасын жүргізетін қаржы мекемелерінің тізімін дайындады. Ұлттық Банк пен Теңге сарайы «төрт тоғыз» сынамасы бар алтын құймаларының жоғары сапасына кепілдік береді.

Сапалы алтын құймаларын сату және кері сатып алуға құзыретті мекемелер:

  • Қазақстан Халық Банкі;
  • Еуразиялық банк;
  • Jysan Bank;
  • Банк ЦентрКредит;
  • Уәкілетті ұйымдар (банктік емес айырбастау пунктері).

Қаржы мекемелері аффинирленген алтын құймаларын бес түрде ұсынады: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм.

Алтын құймасын кімдер сатып ала алады? Табыс және салық

Қазақстанда алтын құймаларын резиденттер де, резидент еместер де сатып ала алады. Жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға да рұқсат. Заңды тұлға алтын құймасын алу үшін банкте шоты болуы міндетті.

Қазір алтынды онлайн сатып алып қана қоймай, сол жерде сақтауға, кейін банкке қайта сатуға да болады.

Егер Сіз алтынды арзанға сатып алып, қымбаттаған уақытта қайта сатар болсаңыз, онда үстінен түскен табыстан салық төлейсіз.

Алтын Қазақстанның ірі қалаларының бәрінде сатылады.

Алтынды шетелге шығаруға бола ма?

2022 жылғы президент жарлығына сәйкес, Ұлттық банк шығарған аффинирленген алтын құймаларын, алтын және күміс монеталарды, сонымен бірге 100 грамнан асатын алтынды Қазақстаннан тыс жерге шығаруға тыйым салынады.