
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында киіктердің санын реттеуге байланысты қандай жұмыс істелетіні туралы сұраққа жауап берді.
Нысанбаев министрлік ғалымдардың ұсынысын күтіп отырғанын жеткізді.
«Ғалымдар мәселені зерттеп, зерделеп жатыр. Қазіргі уақытта киік пен адам арасында конфликтті көріп отырмыз. Бұл жерде ғылыми көзқарас қажет. Соған сай таразыланған шешім қабылдаймыз. Мәселе Орман шаруашылығы комитетінің қарауында жатыр», – деді ол.
Министр киік санын реттеу «Караль» тәсілі (қоршауға қамау) немесе ату арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді.
Жиында министр Іле-Алатау ұлттық саябағының 20 мың гектарға жуық жері министрліктен, әкімдікке, яғни «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының теңгеріміне беріледі деген ақпаратты терістеді.
Экология министрлігінің мәліметінше, елдегі киіктер саны 4 млн-нан асқан.
Бұған дейін президент киік санының күрт артуына байланысты байыпты шешім қабылдауды тапсырған.
Еске сала кетсек, киік санының күрт азаюына байланысты 1999 жылдан 2024 жылға дейін ақбөкендерді атуға тыйым салынып келді. Алайда 2023 жылы ақбөкен популяцияның өсуі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыра бастады. Нәтижесінде билік олардың санын азайту туралы шешім қабылдады.
Бұл ретте екі әдіс ұсынылды. Біріншісі – күндізгі уақытта тор орнату, екіншісі – түнде ату әдісі. Алайда бірінші әдіс іске аспай, екіншісі таңдалып, елде ақбөкендерді атуға рұқсат берілді. Ал 2024 жылғы ақпанда елде ақбөкендерді атуға тыйым салынды.