Трамп ФРЖ-ға қысым көрсетіп жатыр. Қор нарығы қайта құлады

АҚШ президенті Дональд Трамп Федералды резервтер жүйесі (ФРЖ) басшысы Джером Пауэлге қысым көрсетіп, базалық мөлшерлемені төмендетуін талап етіп жатыр.
«Экономика баяулауы мүмкін, егер үлкен сәтсіздікке ұшыраған адам пайыздық мөлшерлемелерді дереу төмендетпесе», — деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін ол Пауэллді отставкаға кетуге шақырған еді. Кейбір сарапшылар орталық банк оның талабына бағынбаса, Трамп елдің экономикалық әлсіреуіне де ФРЖ-ны айыптайды деген пікір айтады. Егер ФРЖ президент талабына көнсе, бұл қадам орталық банктің тәуелсіздігін әлсіретуі мүмкін.
ФРЖ – АҚШ-тың Орталық банкі. Доллар жаһандық валюта болғандықтан, ФРЖ шешімдері тек Америкаға ғана емес, бүкіл әлемге де әсер етеді. Бірақ ол атқарушы биліктен тәуелсіз болуы керек.
Қазіргі басшы Джером Пауэллді 2018 жылы Трамптың өзі тағайындаған еді. Бұл қызметте ол 2026 жылға дейін отыруы керек.
Бірақ бірінші президенттік мерзімінде де Трамп Пауэллге қысым көрсетіп, пайыздық мөлшерлемелерді көтеруді тоқтатып, оларды төмендетуді талап еткен.
Бұл жолы Пауэлл пайыздық мөлшерлемені төмендетуге ниетті емес екенін хабарлады. Керісінше, Трамп тарифтерді көтергеннен кейін, экономикада белгісіздік артқанын, соның салдарынан инфляция да ұзақ уақыт жоғары болуы мүмкін екенін айтқан.
Нарық құлдырады
Осы жағдайға байланысты АҚШ биржаларындағы акциялар құлдырады. S&P 500 индексі — АҚШ-тың ең ірі 500 компаниясының акция бағасына негізделіп есептелетін қор нарығы апта басында 2,4%-ға, ал Dow Jones 2,5%-ға төмендеді.
АҚШ-тың жоғары технологиялық компанияларының акцияларын қамтитын Nasdaq индексі де 2,5%-ға әлсіреді.
Осы сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп серіктес елдерге тарифті біршама көтерді. Әсіресе, Қытайға салықты 145%-ға дейін өсіріп жіберді. Бірақ арада біршама уақыт өткеннен кейін Қытайға салықты көтергісі келмейтінін, екі ел арасындағы сауда тоқтағанын қаламайтынын мәлімдеді.