Марғұлан Сейсембайдың компаниясы Үкіметтен 5 млрд теңге арзан несие сұрап отыр

Бай болуды үйретіп жүрген Марғұлан Сейсембайдың компаниясы арзан несие сұрап отыр. Сейсембайға тиесілі «Алель Агро» компаниясы Қазақстан даму банкінен (ҚДБ) 5 млрд теңге кредит алуға өтініш берген.
ҚДБ сайтындағы қарастырылып жатқан өтінімдер қатарында Сейсембаевтың компаниясының жобасы бар. Экспортқа шығар алдындағы қаржыландыру үшін жіберілген өтініш қазір банк сараптамасынан өтіп жатыр.
«Қазақстан Даму Банкінің» жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі». Қаржы құрылымының мақсаты – елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру, экономиканың тұрақты дамуына қолдау көрсету. «Бәйтерек» ҰБХ тікелей Ұлттық экономика министрлігіне қарайды.
Бройлер құс етін өндіру және сатумен айналысатын «Алель Агро»- Қазақстандағы ең ірі өндірістік компаниялардың бірі. Жылына 60 мың тонна өнім өндіреді.
Алматы облысында 6 құс фабрикасы, құрама жем зауыты, сою цехы, сұрыптау терминалы және инкубаторы бар. Ол 2024 жылы елдегі ірі 75 жеке компанияның қатарына енген. Былтырғы таза пайдасы 4,6 млрд теңгені құраған.
Компанияның түпкі иесі – Ғалымжан Есенов, Марғұлан Сейсембаев пен Сәуле Сейсембаева. Forbes.kz басылымының дерегінше Ғалымжан Есенов компанияның 44,04 %-ын иеленсе, 20,64 % акциясы Марғұлан Сейсембаевқа тиесілі. Сәуле Сейсембаеваның меншігінде 13,43 пайыз үлес бар.