BYD люкс спорттық көлігін таныстырды

Жарияланды 23 Сәуір 2025 11:50

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
BYD люкс спорттық көлігі Porsche және Mercedes-Benz брендтерімен бәсекелеспек/фото: REUTERS/Go Nakamura, бильд-редактор: Дастан Шанай
BYD люкс спорттық көлігі Porsche және Mercedes-Benz брендтерімен бәсекелеспек/фото: REUTERS/Go Nakamura, бильд-редактор: Дастан Шанай

BYD люкс спорттық көлігін таныстырды. Автоконцерндер Қытайдағы ең ірі автосалонда назар аударту үшін бәсекелесіп жатыр.

CNN ақпаратына қарағанда, Қытайдың электромобильдер саласындағы алыбы BYD электрификацияланған көліктерді сату жағынан бұрынғы көшбасшы Tesla-ны артта қалдырды. Енді бұл компания люкс спорттық көліктерді шығара бастамақ.

Қара көк түсті жаңа Z үлгісі

Сәрсенбі күні BYD-дің премиум санатындағы Denza желісі қара көк түсті жаңа Z үлгісін көрсетті. BYD люкс спорттық көлігі компанияның Porsche және Mercedes-Benz секілді батыстың жоғары санатты брендтермен бәсекелесуге ниетін көрсетсе керек.

Таныстырылым Auto Shanghai көрмесінде өткен. Бұл – Қытайдағы ең ірі автокөрме.  Denza Z таныстырылымына дейін көрме залында қара жамылғы жамылған күйі тұрған. 10 күнге созылған бұл шара Қытайдың жылдам дамып келе жатқан және бәсекеге қабілетті электромобильдер (EV) секторының технологиялық әлеуетін көрсетеді. Қытай инновация мен өсім жылдамдығын айтпағанда, қолжетімді бағадағы сапалы ұсыныстарымен де батыстық бәсекелестерін таң қалдырды.

BYD  Tesla-ны шаң қаптырды

BYD – Қытайдағы электромобильдер саласының көшбасшысы. Былтыр ол Tesla-ны жаһандық сатылымда басып озды. Компания ішкі нарықта өз артықшылығын нығайтып жатыр. Оның көліктерінің басым бөлігі Қытайда сатылады.

Сейсенбіде Tesla күткеннен төмен тоқсандық табыс туралы хабарлады. Жалпы сату 9%-ға, ал негізгі көлік сату бизнесі 20%-ға азайды. Таза пайда — кірістің ең қатаң өлшемі — былтырғыдан 71%-ға төмендеді.

Denza Z моделі биылдың басында прототиптің суреттері желіге тараған соң қызығушылық туғызды. Компания бұл модель «технология мен люксті барынша ұсынатынын» растады. BYD люкс спорттық көлігінің өзге де үлгілері шығуы ғажап емес.

Бәсекелестері бағадан ұтылып жатыр

Denza бренді бастапқыда Mercedes-пен бірлескен кәсіпорын ретінде құрылған. Бірақ қазір толықтай BYD-ге тиесілі. Бренд биыл Еуропаға шықты.

 «BYD тек шабуылмен алға жылжи алады. Жаңа көліктер мен функцияларды жиі және жүйелі түрде шығару арқылы бәсекелестерін артта қалдыруда. Ең төменгі өндірістік шығындары оларға агрессивті баға қоюға мүмкіндік береді», — деді Sino Auto Insights компаниясының негізін қалаушы Ту Ле.

Демек, BYD люкс спорттық көлігі жақында танымал үлгіге айналуы мүмкін.

Porsche үшін жағымсыз жаңалық

Porsche Қытайда сатылымы құлдырап жатыр. Бұл дағдарыстан әлі де шыға алмай отыр. Ал Denza Z-дің нарықты жаулауы неміс компаниясы үшін ауыр тиюі ықтимал. Неміс брендінің 2024 жылғы есебінде сатылым 2023 жылмен салыстырғанда 28%-ға төмендегені айтылған.

Denza Z-дің бағасын нақтылау үшін BYD-ге жүгінді. Өткен айда Denza желісіндегі флагмандық N9 жол талғамайтын көлігі 389 800 юань ($53 453) бастапқы бағамен сатылымға шықты. Салыстырмалы түрде, BYD-дің қолжетімді Song Plus үлгісі шамамен $18 500 тұрады.

BYD сонымен қатар Yangwang брендін қолданып, 1 миллион юань ($137 000) тұратын премиум электромобильдер сатады. Бұл сегменттегі 10 000-шы көлігі биыл сатылды. Соңғы моделі — U8L жол талғамайтын көлігі Auto Shanghai көрмесінде таныстырылды.

BYD-тың тасы өрге домалады

Қытайдағы жетекші автоконцерн ретінде компания 2025 жылы Қытайдан тыс елдерде 800 000-нан астам көлік сату мақсатын көздеп отыр.

Reuters агенттігінің мәліметінше, компания бұл баға артықшылығын сақтауды жоспарлап отыр. Ол үшін шетелдік нарықтарда көліктерді құрастыра бастамақ.

ЕО Қытайдағы әділетсіз субсидиялар деп бағалағаны үшін былтыр қытайлық электромобильдерге жоғары баж салықтарын енгізді. АҚШ-қа 100 пайыздық тариф енгізілген соң, Қытай өндірушілері бұл нарықтан шеттетілді.

Сондықтан BYD люкс спорттық көлігі Америкада сатылмайды.

«Құдайдың көзі» жүйесі

BYD-дің Қытайдағы электромобильдер нарығының шамамен үштен бірін иеленуі – табысының дәлелі. Ақпан айында компания Tesla-ның Full Self-Driving жүйесіне ұқсас, бірақ тегін болатын «Құдайдың көзі» көмекші жүйесін іске қосты. Наурызда олар 5 минут ішінде 250 мильге қуат бере алатын жаңа батарея зарядтау технологиясын таныстырды.

Сонымен қатар, CATL атты қытайлық батарея өндіруші бұл аптада 320 мильге жететін жаңа батарея ұсынды — бұл BYD технологиясынан да озық деп сипатталуда.

BYD табысы қалай артты?

2025 жылдың алғашқы үш айында BYD 1 миллионнан астам жаңа энергия көздеріне негізделген көліктер сатып, сатылымын 60%-ға арттырды.

2024 жылы компания 4,27 миллион көлік жеткізіп, $107 млрд табыс тапты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 29%-ға артық. Tesla 1,79 млн көлік жеткізіп, $97,7 млрд табыс тапты. Оның жылдық жеткізілімі алғаш рет 1,1%-ға төмендеді.

Қытайдағы жекеменшік автокөлік қауымдастығының мәліметінше, Tesla ішкі нарықтың 6,1%-ын иеленген. Ал BYD аккумуляторлық көліктермен қатар гибридтерді де шығарады. Tesla болса, тек аккумулятормен жұмыс істейтін көліктер өндіреді.

Мұның алдында Қазақстанда қайта көліктері қымбаттап жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз