Норвегияның ұлттық мұнай қоры 40 млрд доллар шығынға ұшырады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Норвегия ұлттық қоры неге шығынға ұшырады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Дастан Шанай

Норвегияның Мемлекеттік зейнетақы қоры ( Мұнай қоры) 2025 жылдың алғашқы тоқсанын елеулі шығынмен аяқтады. Ол әлемдегі ең ірі ұлттық әл-ауқат қоры саналады. Ресми есепке сәйкес, қаңтар-наурыз айларында қордың инвестициялық шығыны 415 млрд норвег кронын (шамамен 39,7 млрд доллар) құрады. Бұл жалпы портфельдің 0,6%-ға жоғалуына тең.

Технологиялық акциялар кері әсер етті

Қордың басты шығыны – акцияларға салынған инвестициялардан келген. Акциялардың арзандауынан 1,6% шығын тіркелген. Айта кетсек, қордың жалпы инвестициялық портфелінің 70%-ын акциялар құрайды. Norges Bank Investment Management басқарушысы Николай Танген бұл туралы:

«Тоқсандық нәтижелерге нарықтағы қатты құбылмалықтар әсер етті. Әсіресе, технология секторындағы инвестициялар теріс табыс әкелді», – деп мәлімдеді.

Қор портфелінде Apple, Microsoft, Nvidia, Alphabet және Amazon секілді алпауыт компаниялардың акциялары едәуір үлесті алады.

Дегенмен қор кейбір бағыттарда оң нәтиже көрсетті:

  • Қарыз құралдары (облигациялар): +1,6%
  • Жылжымайтын мүлік: +2,4%
  • Жаңғыртылатын энергия көздері саласы: +1,2%

Кронның күшеюі – қосымша қысым

Бірінші тоқсанда норвег кронының негізгі әлемдік валюталарға қатысты нығаюы да қор активтерінің құнсыздануына әсер етті. Валюта бағамының өзгерісі салдарынан қор шамамен 879 млрд крон жоғалтқан.

Сонымен қатар тоқсан ішінде қорға 78 млрд крон көлемінде қаражат түскен.

Қордың қазіргі көлемі

2025 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша қордың жалпы көлемі 18,5 трлн кронға жетті. Оның құрылымы мынадай:

  • Акциялар – 12,96 трлн крон (70%)
  • Облигациялар – 5,13 трлн крон (27,7%)
  • Жылжымайтын мүлік – 358 млрд крон (1,9%)
  • ЖЭК активтері – 80 млрд крон (0,4%)

1990 жылы құрылған бұл қор бүгінде әлемдегі акциялардың 1,5%-ына иелік етеді. Қордың портфелі 63 елдегі 8 660 компанияны қамтиды, ал АҚШ, Жапония және Германияның мемлекеттік облигациялары негізгі инвестициялық бағыттар қатарында.

2024 жылы Норвегия қоры 222 млрд доллар табыс алған.

Сондай-ақ оқыңыз