

Chevrolet Cobalt, Labo, Onix, Tracker және Damas автокөліктері Өзбекстанда дилерлік компаниялар арқылы зауыт бағасымен сатыла бастады.
Айталық, UzAuto Motors АҚ-ның ресми дилері Driver’s Village компаниясы Chevrolet Cobalt көлігіне келісімшарттар ашылғаны туралы ресми түрде жария етті.
Келісімшарт негізінде сатылады
Бұл туралы дилер өзінің Instagram парақшасында жариялады.
Driver’s Village «UzAuto Motors» АҚ көліктерін партиямен, 100% алдын ала төлем арқылы сатып алып, клиенттерге келісімшарт негізінде сатылатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, көліктерді жеткізу мерзімі өзгермейтіні айтылды.
Коммерциялық банктер арқылы сатылады
Атап айтқанда, бұл дилерлік орталық «UzAuto Motors» АҚ зауытында шығарылған Chevrolet Cobalt, Labo, Onix, Tracker және Damas көліктерінің партияларын (әр партия 12–50 көліктен тұрады) 100 пайыз алдын ала төлем негізінде сатып алады. Содан соң дилер мен клиент арасында жасалған келісімшарт негізінде сатылады.
«Барлық келісімшарттар бойынша төлемдер коммерциялық банктер арқылы сатылады. Сонымен қатар, біз ұсынатын келісімшарттарда Chevrolet Cobalt көлігінің бағасы өндіруші зауыт белгілеген бағамен бірдей», – деп хабарлады компания.
Өзбекстанда көп сатылған көліктер
Өзбекстанда Chevrolet Gentra мен Cobalt 2024 жылы ең көп сатылған көліктер қатарына кірді. Gentra-ның жаңа нұсқасынан өткен жылы 18,3 мың дана, ал Cobalt үлгісінен 127,2 мың дана сатылған. Қазіргі таңда Gentra өндірісі тоқтатылған болса да, Cobalt әлі де шығарылып жатыр.
Өзбектер бұл көліктерді көбіне пайда табу үшін алады. Мәселен, жолаушы тасымалдау (такси қызметі), курьерлік қызмет, автокөлік жалға беру, жүргізушіні үйрету (инструкторлық), жарнама орналастыру арқылы отбасын асырайды.
Үлкен жаңалық
Дилерлік компаниялардың көліктерді еркін сата бастауы – Өзбекстан үшін үлкен жаңалық. Айта кететін жайт, Өзбекстанда көлік сатып алудың өз машақаты болатын. Ақшаңды жинап, ұзақ жыл кезек күту керек еді. Қазір Қазақстандағыдай дилерлер және банк арқылы еркін сатыла бастады. Әрине, басымдық Chevrolet Cobalt, Labo, Onix, Tracker және Damas секілді өзбек көліктеріне беріледі.
Мұның алдында Chevrolet-тің Қытай көліктерінен артықшылығы туралы жазған едік.