
Талдықорған қаласында жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сотқа тартылған 9 азаматқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
2025 жылдың 5 мамырында қайғылы оқиға болған жерге жедел жәрдем шақырған азамат пен оқиға орнына барғандардан жауап алынды. Олардың арасында «оқ ат» деген сөзді естіген куә де бар.
Түстен кейін жалғасқан сот отырысында куә Евгения Әмірқұлованың тергеудегі жауабы оқылды.
«Шамамен түнгі 12-де атыс дыбысын естідік. Терезеден қараған сәтте топтасқан адамдар көше бойымен жүгіріп бара жатты. Әйелдердің дауысын естідік. Олар «жүгір, бол, тез, өлтіретін болды» деді. Бұл атыстан кейін болды. Атысқан дейін ер адамның «ат, өлтір оларды» деген дауысын естідім. Бұл бірнеше рет қайталанды», – деген Евгения Әмірқұлова.
Евгения Әмірқұлова келесі сот отырысына жауап алу үшін сот залына шақырылатын болды.
Сондай-ақ сот отырысында сотталушы Дархан Әскентайдың адвокаты Ержанов марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтан тағы бір рет жауап алу қажет екенін айтып, сот залына шақыруды сұрады.
Істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов сотталушылардан жауап алынған соң, қылмыстық іс құжаттары зерттелгеннен кейін қосымша жауап алу үшін жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов шақырылатынын айтты.
Отырыс кезінде сотқа дейінгі тергеу кезіндегі беттестіру барысында түсірілген видео көрсетілді. Ол жерде жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов пен 2025 жылдың 28 сәуірінде куә ретінде шақырылған Самат Әбдіқадырды беттестіру сәті түсірілген.
әлеуметтік желіде куә Әбдіқадырдың лақап аты «Чика» екені, «Қамажай» дүкені алдында «делайте» деп айтқаны туралы видео тарап жатыр.
Беттестіру барысында Қаржаубай Нұрымов «төбелеспеймін, мен үшін жігіттер төбелеседі. Жанындағыларға «Делайте» деген сөз осы жігіттің аузынан шықты» деген.
Ал куә Самат Әбдіқадыр бұл жауапқа келіспейтінін айтты.
2025 жылдың 6 мамыры сағат 10:00-де іс бойынша сотталушылардан жауап алынады.
Шерзат Полат ісі
Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.
Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ.
Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.
2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.
Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды.