«Ұлттық қор – балаларға»: 11,5 млн доллар білім мен баспанаға жұмсалды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылдың ақпанынан 97 мың бала «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында есепшотына түскен қаржыны пайдаланған. Оларға осы кезеңде 11,5 млн АҚШ доллары аударылған. Қаражатты негізінен тұрғын үй жағдайын жақсарту мен білім ақысын төлеуге пайдаланған. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады.

Тұрғын үй бойынша 6,7 млн долларға тең 56 мыңнан астам өтініш орындалған. Бұл қаржы көбіне тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі салымдарды толықтыруға жұмсалды. Сондай-ақ ипотекаға бастапқы жарна мен үй сатып алуға да қолданылған.

Білім алуға байланысты 40 мыңнан астам өтінішке сәйкес 4,8 млн доллар жұмсалған. Бұл сома отандық және шетелдік оқу орындарының ақысын төлеу және білім беру салымдарын толықтыруға бағытталған.

Бағдарлама бойынша 2006 жылдан кейін туған балалардың атына жыл сайын Ұлттық қор табысының 50%-ы аударылады. Мысалы, 2024 жыл үшін әр балаға 129 доллардан қаражат түскен. Бұл қаражат арнайы шотта жиналады және бала кәмелетке толған соң, үй немесе оқу мақсатында ғана жұмсай алады.

Сондай-ақ оқыңыз