
5 қазан күні Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden сахнасында Stranger атты жеке концертін өткізеді. Бұл туралы әнші Алматыдағы жанкүйерлерімен кездесуде айтты.
Алматы аренада жиналған жанкүйерлер бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қарсы алып, тоқтаусыз қошемет көрсетті.
Айта кетейік, 2019 жылдың желтоқсанында Димаш Нью-Йорктегі Barclays Center сахнасында аншлагпен өткен Arnau Tour Envoy концертін берген болатын. Ол кезде концертке әлемнің 63 елінен жанкүйерлер жиналған еді.
Фан-кездесу қалай өтті
Ал 26 мамыр күні Алматыда өткен D&Dears атты фан-кездесуге 45 елден 10 мыңға жуық адам келді. Испания, АҚШ, Ресей, Колумбия, Эквадор, Чили, Швейцария, Бельгия және басқа да елдерден келген тыңдармандар сүйікті әртістерімен жүздесу үшін арнайы ат терлетіп келген.
Димаш Құдайберген жанкүйерлерімен тағы бір қуанышты жаңалығымен бөлісті – 2026 жылы Қытай телеарнасында өтетін вокалдық шоуға продюсер ретінде қатысатынын мәлімдеді.
Кездесу басында көрермендер Димашты өтіп кеткен туған күнімен құттықтап ән шырқады. Сондай-ақ, әнші сахнада телефон арқылы Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға хабарласып батасын алды.
Кеш қонақтары: Сәкен Майғазиев, Дастан Оразбеков, Amre, Sadraddin, Зарина Алтынбаева, Keshyou, Ернар Амандық пен Ақбота Нұр Димаштың репертуарындағы әндерді шырқады.
Сонымен қатар, Димаш Құдайберген қараша айында Еуропаның Берлин, Барселона, Лондон қалаларында да жеке кештерін өткізеді. Бұған дейін Димаштың швейцариялық жанкүйері Эстер Ульман әншіге арнап кітап жазған еді.