«Аурудан айықсаң, тұрмысқа шығамын»: қатерлі ісікті жеңген махаббат хикаясы

Жарияланды 15 Сәуір 2026 08:10

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
коллаж: kursiv.media

«Ғашықпын саған» фильмі бізге қатты әсер етті. Себебі күйеуім екеуміз ол ракпен ауырып жүргенде таныстық…» – Threads желісінде тараған Аружанның бұл қысқа жазбасы мыңдаған адамның жүрегін елжіретті. Желі қолданушыларын жат елде, аурухана төсегінде басталған махаббат хикаясы бей-жай қалдырмады.

Кейде әлеуметтік желідегі бір ғана сторис адам тағдырын күрт өзгертуі мүмкін. Аружанның Райымбек есімді жігіттің парақшасына кездейсоқ кіруі үлкен махаббат пен ерліктің бастауына айналды.

«Райымбек екеуміздің ортақ досымыз бар. Сол Райымбек ауырып жатқанын сториске салған еді. Оның аккаунтына кіріп, ескі фотоларын қарап отырып, «сондай әдемі, жап-жас жігіт неге ауырып қалды екен, тезірек сауығып кетсе екен» деп жүрегім ауырды. Содан кейін оған бірден жазылып, ашқан сборын қолдауға кірістім, өзіне үнемі қолдау сөздер жазып жүрдім», – дейді Аружан.

Көп ұзамай Райымбек Астана туралы сағынышқа толы жазба жариялайды. Аружан бұл оның туған қаласы екенін жазғанда, Райымбек дәл осы қалада мен ракпен ауыратынын білгенін айтып ағынан жарылады. Осы сәттен бастап екеуінің арасындағы сырласу мен достық басталған.

Тәуекел: Сеулге сапар

Райымбек Кореяда сегіз ай бойы жалғыз емделіп, қатты күйзелісте жүрген еді. Оның «өзімді өте жалғыз сезінемін» деген сөзі Аружанды батыл қадамға итермелейді. Ата-анасының қарсылығына қарамастан, ол өз бетімен билет алып, Ташкент арқылы Сеулге ұшып кетеді.

Ең ауыр сынақ аурухана қабырғасында басталды. 9 сағаттық күрделі операция мен азапты химиялық емдеу курстары Райымбектің ғана емес, Аружанның да төзімін тексергендей еді.

«Химия қабылдап, қатты қиналып, құсып жүрген кезде ол маған: «Мені тасташы, басқа жақсы жігіт табасың» деді. Мен жоқ дедім. «Егер емделіп шықсаң, мен саған тұрмысқа шығамын» деп уәде бердім».

Бұл сөз Райымбек үшін ең үлкен мотивация болды. Екеуі де берген уәдесінде тұрды. Райымбек дертті жеңіп, ауруханадан аяғынан тік тұрып шықты, ал Аружан оның өмірлік серігі болды.

Бүгінде олар бақытты ерлі-зайыптылар. Райымбектің денсаулығы қазір өте жақсы. Бұл хикая – махаббат пен сенім ең ауыр дертті де емдей алатынының жарқын дәлелі.

Сондай-ақ оқыңыз