Жаңалықтар

«Қазақстан электролиз зауыты» 51 млн долларға облигация орналастырды

«Қазақстан электролиз зауыты» қанша облигация орналастырды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақстан электролиз зауыты» биржаға 51 млн доллар көлемінде облигация орналастырды. Сауда-саттық 30 мамырда Қазақстан қор биржасында (KASE) өткен.

Сауда барысында жалпы көлемі 50,98 млн АҚШ долларын құрайтын өтінім мақұлданып бұл бастапқы жоспарланған 50 млн доллар көлемінен асып түскен.

Облигациялар жылдық 6,5% купондық мөлшерлемемен шығарылып, айналым мерзімі 3 жылды құрайды.

Бұл қаржы құралының ерекшелігі – оған «Қазақстанның даму банкі» (ҚДБ) толық кепілдік берген. Бұл — отандық бағалы қағаздар нарығында ҚДБ берген алғашқы толық әрі қайтарып алынбайтын кепілдік. Яғни, егер эмитент өз міндеттемелерін орындай алмай дефортқа ұшыраса, бұл қарызды банк толық өтейді.

Зауыттың 100% акциясын жалғыз акционері – «EKT Holding» (И-Кей-Ти Холдинг) серіктестігі. ERG компаниялар тобының құрамына кіреді. Ал ERG компаниясының меншік құрылымы:

  • Патох Шодиев – 18,6%;
  • ҚР Үкіметі – 40%;
  • Ибрагимовтер отбасы – 20,7%;
  • 2025 жылғы 22 наурызда қайтыс болған Александр Машкевич – 20,7% акциясын иеленген.

Кәсіпорын Қазақстандағы алюминий өндіретін жалғыз зауыт. Жылына 250 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қуаты жетеді.