Банк пен қаржы

Ипотека арзандайды: банктер қайталама нарықтағы үйлерге қарыз бермей ме?

ипотека
Фото: kursiv.media

16 маусымнан ипотекалық қарыздың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді. Яғни енді ипотека арзандауы тиіс.

Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған қаулы негізінде банктер ипотеканың жылдық мөлшерлемесін жиырма пайыздан асыра алмайды.

Алайда әлеуметтік желілерде «банктер қайталама нарықтағы баспанаға ипотека беруін уақытша тоқтатады» деген ақпарат тарап жатыр. Осы ретте ипотекалық брокерлер 16 сәуірге дейін өтіріп беріп үлгеруге шақырады. Экономист Ғалым Құсайынов та жақсы пайда түспейтіндіктен, енді банктер ипотека беруін қысқартады деп тұжырымдаған.

Банктердің жауабы қандай?

Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін ипотека беретін бірнеше банкке сауал жібердік. Қазіргі кезде нарықта ипотекалық өнім ұсынатын банктер көп емес. Тек Halyk bank, Altyn Bank, Forte, Freedom Bank, Банк ЦентрКредит (БЦК) пен Нұрбанк, KZIBank ипотека рәсімдейді.

Бұған дейін Kursiv Media сауалына жауап берген Forte мен БЦК ипотека беруді тоқтатпайтынын мәлімдеді. Forte ипотекалық өтініштерді қабылдап жатса, БЦК жаңа қаулыға сәйкес, бағдарлама шарттарын өзгертіп жатқанын айтады. Altyn Bank те өз сайтында ипотека беруін жалғастырып жатқанын жазған.

Freedom Bank баспасөз қызметінен келген жауапқа сәйкес, банк ипотекаға өтінім қабылдауды тоқтатпаған.

«Freedom Bank ипотекалық қаржыландыру бойынша өтінім қабылдау және қарауды тоқтатқан жоқ. 2025 жылғы 16 маусымға дейін кепілдік хат алған барлық өтінімдер Бірлескен қаулыға сәйкес мөлшерлемелер бойынша қаржыландырылады. Яғни, банк ипотекалық несие беруді жалғастырады», – делінген жауапта.

Мақала жариялаған сәтте Halyk bank-тен әлі жауап келмеді.