Жаңалықтар

Ресейге визасыз кіру талаптары жеңілдейді

Ресейге визасыз кіру тәртібі
Ресейге визасыз кіру тәртібі жеңілдейді / Коллаж kursiv.media (Фото:russiancouncil.ru) , бильд-редактор: Дастан Шанай

Ресейге кіретін қазақстандықтар үшін визасыз кіру тәртібі жеңілдейді. Азаматтар енді ruID мобильді қосымшасы арқылы алдын-ала тіркеле алады. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшілігі хабарлады.

Елшілік хабарлауынша, 2025 жылғы 30 маусымнан бастап 2026 жылғы 30 маусымына дейінгі аралықта Ресей Федерациясының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде пилоттық жоба жүзеге асырыла бастайды. Бұл шара шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Ресей Федерациясына кіру және Ресей Федерациясынан шығу ережелері мен шарттарын тексеру үшін жүргізіледі.

«Ресей Федерациясына визаны қажет етпейтін тәртіппен кіруді жоспарлаған шетелдік азаматтарды Бірыңғай сәйкестендіру және аутентификация жүйесіне алдын ала тіркелуге және ruID мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде Ресей Федерациясына кіруге өтініш беруге шақырылады», – делінген елшілік хабарламасында.

Эксперимент ретінде енгізіліп жатқан жаңа тіркеу тәртібі Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы азаматтарының визасыз режиміне өзгеріс енгізбейтіні айтылған. Бұл шара ерікті сипатта жүргізіледі. Яғни Ресейге кіргісі келетін қазақстандықтар егер алдын-ала елге кіру туралы өтінішті рәсімдегісі келсе, ruID қосымшасын пайдалана алады.

Ерікті шара болғандықтан, азаматтардың толтырылған кіру өтініші болмаса, бұл Ресейдің шекаралық органдары жүргізетін шекаралық бақылауға еш әсер етпейді.

Айта кетсек, 18 маусымда Ресей мен Қазақстан шекарасында жүк көліктерінің кептелісі басталғаны туралы ақпарат тарады. Жүргізушілер бұрын 10 минут кететін тексеру шаралары 72 сағатқа созылып кететінін айтқан. Қазақ кеденшілері ресейлік көліктерді мұқият тексеріп жатқаны айтылған болатын.