Жаңалықтар

Михаил Шайдоров Олимпиада қарсаңында грант алды

Михаил Шайдоров қысқы Олимпиада ойындары қарсаңында грант алды / фото:  REUTERS/Tingshu Wang
Михаил Шайдоров қысқы Олимпиада ойындары қарсаңында грант жеңіп алды / фото: REUTERS/Tingshu Wang

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары қарсаңында грантқа ие болды. Бұл туралы Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) хабарлады.

Комитет болашағы зор спортшыларға қолдау көрсету дәстүрін жалғастырады. Ол Шайдоровқа грант бөлді.

«Қазақстан ҰОК мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты 2026 жылы Италияда өтетін Олимпиада ойындарына дайындау үшін қаржылай қолдау көрсету туралы шешім қабылдады», – деп хабарлады комитет.

Мекеме мәліметінше, грант бір олимпиадалық маусымға арналған. Комитет нақты қанша қаражат бөлгенін жарияламады.

«Қолдау мәнерлеп сырғанау, садақ ату, бадминтон және байдарка мен каноеде есу командаларына бағытталды. Бағдарлама 2025 жылдан 2028 жылға дейінгі аралықты қамтып, жылдар бойынша кезекпен қаржыландыруды қарастырады», – деп түсіндірді ҰОК.

Естеріңізге сала кетейік, дарынды спортшы Михаил Шайдоров 2025 жылғы наурызда әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал одан шамамен бір ай бұрын Төрт құрлық чемпионатында жеңіске жетті.

Қазақстан Шайдоровтан зор үміт күтіп отыр. XXV Қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылы 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді.