Жаңалықтар

Трейдингтен табыс табуға уәде берген қаржы пирамидасы әшкереленді

Қаржы пирамидасы әшкереленді / Фото: shutterstock

Қаржылай мониторинг агенттігі «Matic Basket» атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Ол топ жұртшылыққа криптовалюта биржасында майнинг пен трейдинг арқылы жоғары пайда табасыз деп жалған уәде берген.

Ұйымдастырушылар пирамида жұмысын «YouTube», «WhatsApp» және «Telegram» әлеуметтік желілері арқылы жарнамалаған. Салымшылар 5000 теңгеден бастап 1000 долларға дейін ақша салған. Бірақ оларға ақша салғанын растайтын ешқандай құжат берілмеген әрі олармен келісімшарт немесе ресми келісімдер жасалмаған.

Ал жаңа қатысушыны тартқан жағдайда әрбір қаржылық операциядан 10% көлемінде кіріс түседі деген кезекті уәде береді. Нәтижесінде қаржы пирамидасына Қазақстан мен ТМД елдерінен 1900-ден астам азамат тартып, олардан жалпы сомасы 80 млн теңгеден астам қаражат жинаған.

Күдіктілерге елден шығуға тыйым салынды, қазір тергеу жүріп жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы ретінде бүркемеленген «UILI BOLAYIK» (Үйлі болайық) қаржы пирамидасының әшкереленгені туралы жазған едік. Ұйымдастырушылар салымшыларға пәтерде пайызсыз бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады деп сендірген. Бірақ іс жүзінде ешқандай мәмілелер жүзеге аспаған.