
Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты іске «Asar-Ume» қоғамдық бірлестігінің президенті Асхат Нұрмашев куә ретінде қатысты.
Бұған дейін ол Қайрат басқарған қорға не себепті 200 млн теңге аударғанын айтты.
Оның сөзінше, екі қор арасында келісімшарт болған.
«Газа секторында әскери шиеленіс басталғаннан кейін 1,5 ай өткен соң біз 293 млн теңге жинадық. Бұл – «Asar-Ume» қорының желідегі оқырмандарының жинаған қаражат. Бұл сома 5 күн ішінде жиналды. Біз бәріне көз жеткізгендей болсақ та, «қор құрылтайшылары қаражатты бірден емес, 50 млн теңгеден траншпен аудару туралы келістік. Алайда Перизат Қайрат хат алмасу барысында 293 млн теңгенің түгел аударуды талап етті. Перизат халықаралық хаб аз сома бойынша жұмыс істемейтінін айтты. Сол себепті 2023 жылдың 28 қарашасында 200 млн теңгені «Біз Біргеміз» қорына аудару туралы шешім қабылданды. Бұл сома «Asar-Ume» қорының ресми шотынан «Біз Біргеміз» қорының шотына аударылды», – деді Нұрмашев.
Бұл қаражат әрі қарай Абу-Дабидегі қорға жіберілуге тиіс болған. Алайда Нұрмашев Қайрат тарапынан келісімшарт талаптары бұзылғанын айтты.
«2023 жылдың желтоқсанында есеп берілуге тиіс болған, алайда құжат ұсынылмады. Онымен байланысқа шықтық. Қаңтарда есеп ұсынды, алайда оған көңіліміз толмады. Ол жерде банк шоты, қаражат нақты қайда аударылғанын растайтын құжаттар болмады. Бұл жай ғана ішкі бухгалтер құжатые еді. Мұндай есепті қабылдай алмайтынымызды айттық. Ақпанда ол қаражат Абу-Дабидегі қорға аударылғаны туралы есеп берді. Кеңсеге банк түбіртегін алып келді», – дейді ол.
Асхат Нұрмашев құжаттың жалған екенін тексере алмайтынын айтып, сотталушыға сенім арттық дейді.
«Перизат Қайрат бізден қалған 93 млн теңгені өзінің жеке шотына аударуды сұрады.Ол есеп бергеннен кейін, біз келісімшарт талаптары бұзылуына байланысты 93 млн теңгені аудармау туралы шешім қабылдадық. Содан кейін Қазақстандағы Палестина елшілігімен байланысқа шықтық. Қаражатты тікелей елшілік шотына аудару туралы шешім қабылдадық және солай жасадық», – дейді ол.
Айыптау актісіне сәйкес, Қайрат басқарған қорға палестиналықтарға көмек үшін 566 миллион теңге көлемінде қайырымдылық қаражаты жиналған. Оның тек 7 миллион теңгесі ғана Палестина елшілігінің шотына аударылған. Қалған 559 миллион теңге Перизат Қайрат пен анасы Алашбаева тарапынан өз қалауынша жұмсалған.
Іс Астана сотында қаралып жатыр. Бұған дейін сотталушылар өздері тағылған айыпты мойындамады.