
Перизат Қайрат ісі бойынша өткен сот отырысында куә Толғанай Боралқұл қатысты. Ол сотта екеуінің қалай танысқаны және дипломға қатысты жазған хаттары туралы айтты.
Куә Боралқұлдың айтуынша, Перизатпен алғаш рет 2021 жылы карантин кезінде танысқан. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап жақын араласқан. Анасы Ғайни Алашбаевамен куә 2022 жылдың желтоқсанында өткен Biz Birgemiz Qazaqstan фестивалінде танысқан. Сол кезде Перизат Қайрат қайырымдылық қорының құрылтайшысы болды.
Толғанай екеуінің қарым-қатынасы іскерлік бағытта емес, достық негізде болғанын айтты.
Сотта Перизат пен Толғанайдың екеуара хаттары да оқылды.
Ол жерде Перизат «Диплом жасап бере алатын таныстарың бар ма?» деп сұраған.
Толғанай бұл хатты растады. Сөзінше, мұндай әңгіме екі жыл бұрын болған.
«Менің білуімше, бұл екі жыл бұрын болды, ол министрдің көмекшісі қызметіне кірісейін деп жүрген кезі еді. Менің түсінігімде «замутить диплом» деген – дипломды сатып алу. Ол менен сатып алып беруімді сұраған жоқ, ол диплом алғысы келді немесе сырттай оқып, алу жолын іздеді», – деді Перизаттың құрбысы.
Перизат та бұл жағдайға қатысты ойын айтты. Сөзінше, Толғанайдан шетелдік дипломын Қазақстанда нострификациялау жолдарын сұраған, себебі оның Қазақстанда жоғары білімі болмаған. Толғанай Перизаттың дипломды нострификациялау жолын сұрап, дипломының фотосын немесе скриншотын жіберуін өтінгенін растады.
Айта кетейік, бұған дейін қылмыстық іс барысында оның хор дирижері факультетіне қабылданғаны, алайда колледжді аяқтағаны туралы диплом жоқ екенін айтылды.