
Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФҚБ) Қара теңіздегі порттарға кіруге шетелдік танкерлерге рұқсат бере бастады. Осылайша Қазақстаннан мұнай экспорты шамамен бір тәулікке тоқтап қалғаннан кейін қайта жанданды деп жазады Reuters төрт дереккөзге сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, мұнай экспортындағы уақытша үзіліс әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 2%-ына әсер етіп, оның бағасын барреліне 70 долларға дейін көтеріп жіберді. Кейін баға қайта төмендеп, Brent маркалы мұнайының қыркүйектегі фьючерстері барреліне 69,46 доллар бағасымен саудаланды.
Апта басында Ресей президенті Владимир Путин шетелдік кемелердің Ресей порттарына кіруі үшін Федералды арнайы қауіпсіздік қызметінен арнайы рұқсат алуын міндеттейтін заңға қол қойған. 24 шілдеде Қазақстан мұнайының Қара теңіздегі Ресейдің екі ірі порты, Новороссийск пен Оңтүстік Озереевкада жөнелтілуі тоқтатылғаны туралы ақпарат тарады. Оған порттарға кіруге қойылған жаңа қауіпсіздік талаптары себеп болған.
Бірақ Қазақстанның Энергетика министрлігі оны жоққа шығарды. «Курсив» басылымына мұнай жөнелту ресейлік теңіз порттары арқылы тоқтатылмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ведомство қауіпсіздік шараларының күшеюіне байланысты «ҚазТрансОйл» АҚ Усть-Луга портында «Невская трубопроводная компания» ЖШҚ-мен келіссөздер жүргізіп жатқанын нақтылады.
Салалық дереккөздердің мәліметінше, Ресейдегі КҚК (Каспий Құбыр Консорциумы) терминалынан Black Sea CPC Blend маркалы мұнайының тамыз айындағы экспорты тәулігіне шамамен 1,66 млн баррельді немесе 6,5 млн тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіш шілде айындағы жоспарға жуық. Ал шілде айында Новороссийск арқылы экспорт және транзит көлемі шамамен 2,2 млн тоннаны құрады.