Жаңалықтар

«Қайрат» алғаш рет Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шықты

"Қайрат" клубының футболшылары / фото: "Қайрат" ФК
«Қайрат» клубының футболшылары / фото: «Қайрат» ФК

«Қайрат» клубы тарихта алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өтті. 13 тамызға қараған күні алматылықтар Братиславада «Слован» (Словакия) клубымен кездесті. Жеңімпаз матч соңындағы пенальтиде ғана анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, 6 тамызда Алматыда өткен алғашқы матчта «Қайрат» 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Сол ойындағы жеңіс голын матчтың 90-минутында Дастан Сәтбаев пенальтиден соққан.

Ал Братислава қаласында өткен қарымта матчтың бірінші таймында есепті жергілікті ойыншылар ашты. Словакиялық шабуылшы Роберт Мак ойынның 30-минутында гол соқты. Осылайша, екі ойын қорытындысы бойынша есеп теңесті.

Бірінші таймда жергілікті ойыншылар жиі шабуылдаса, екінші таймда «Қайрат» футболшылары да белсенді ойнады. Алайда қос команда матчтың негізгі кезеңінде жеңімпазды анықтай алмады. Соған байланысты төреші ойынды тағы жарты сағатқа созды. Бірақ қосымша екі қысқа таймда да гол соғылмады.

Жеңімпаз матч соңындағы пенальтиде ғана анықталды. Мұнда алматылық ойыншылар мергендігімен танылып, тарихи жеңіске жетті. Пенальтиде Александр Мартынович, Рикардиньо, Егор Сорокин және Жоржиньо қарсылас қақпасына гол соқты – 4:3. Қос матч қорытындысы бойынша «Қайрат» 2:1 есебімен «Слованнан» басым түсті.

Енді «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтик» клубымен кездеседі. Алғашқы матч 21 тамызда сырт алаңда, қарымта ойын 27 тамызда Алматы қаласында өтеді.

Бұған дейін алматылық футболшылар Чемпиондар лигасының іріктеу турнирінде Словенияның «Олимпиясын» (3:1) және Финляндияның КуПС клубын (3:2) жеңген.

Айта кетейік, дәл осы күні қазақ футболының жарық жұлдызы Дастан Сәтбаев 17 жасқа толды.