
15 тамыз жеңілдетілген салық жүйесі бойынша істейтін жеке кәсіпкерлер мен серіктестіктерге арналған 910-нысандағы есептілік тапсырудың соңғы күні. Осы ретте жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп істеп жатқан таксистер аталған нысанды тапсыратынын я тапсырмайтынын анықтап көрдік
Жаңаша істейтін такси қызметі
Алматы қаласы Кірістер департаментінің мәліметінше, қолданыстағы заңдық нормаға сай, жүргізушілер такси қызметімен айналысу үшін e-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы жеке кәсіпкерлік рәсімдеуге тиіс. Содан кейін қалаған тасымалдау операторына тіркеле алады.
Жолаушы тасымалы үшін ақы алынған кезде e-Salyq Business қосымшасынан фискалды чек ұсынуға болады, бөлек бақылау-касса машинасын сатып алудың қажеті жоқ.
Таксистер декларация тапсыра ма
Департаментке қарасты Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Айжан Бекеева таксистерден салық пен әлеуметтік төлемдер 4% мөлшерлеме бойынша автоматты түрде есептелетінін, сондықтан 910-нысандағы салықтық есептілікті тапсыру талап етілмейтінін мәлім етті. 4% мөлшерлеме – 1% – жеке табыс салығы, 1% – зейнетақы жарналары, 1% – әлеуметтік аударымдар, 1% – медициналық сақтандырудан тұрады.
Қандай жағдайда дакларация тапсырады
Таксистер екі жағдайда 910-нысандағы есептілік тапсырады. Біріншісі – жылдық табысы 3 528 АЕК немесе 13 872 000 теңгеден асып кеткен жағдайда. Екінші жағдай бойынша такси қызметіне дейін кәсіпкердің басқа қызметі болса, қолданыстағы жеке кәсіпкерлікке қосымша режим қосуға болады.
«Егер кәсіпкерде жеңілдетілген декларация бойынша жеке кәсіпкерлік болса, такси қызметін атқару үшін e-Salyq Business мобильді қосымшасы негізіндегі жеке кәсіпкерлік режимін қосымша тіркеуге мүмкіндік бар. Бұл қызметті қолданған жағдайда тиісті салық төленіп, 910 нысандағы декларация бөлек тапсырылады», – дейді Айжан Бекеева.
Бұл декларация табыс, төленген салық, өзі және қызметкерлер үшін жасалған аударымдар туралы деректерді қамтиды. Нысанда осы параметрлер бойынша жартыжылдықтың әрбір айы үшін есеп берілуге тиіс.
2025 жылғы 1 қаңтардан елде бастап, такси қызметіне байланысты бірқатар өзгеріс енгізілген. Оған сай, рөлі оң жақта орналасқан автокөліктер такси қызметін ұсынатын агрегаторлардан өшіріліп, интернет-агрегатордың иелері тапсырыстарды беруде жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген тұлғаларға басыпдық бере бастаған.