
BMW AG компаниясы Neue Klasse атты жаңа желідегі алғашқы электромобилін таныстырды. Бұл жобаға неміс автоконцерні 10 млрд еуродан астам қаржы құйған. Жаңа желінің алғашқы моделі – iX3 кроссовері. Авто жұма күні таныстырылып, BMW-ның Tesla және қытайлық BYD, Xiaomi, Xpeng секілді брендтермен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталды.
Электромобильдің ерекшелігі
iX3 заманауи бағдарламалық жасақтамамен, ультра-жылдам қуаттау жүйесімен жабдықталған. Бұған қоса жаңартылған дизайнымен де ерекшеленеді. Модельдің жүріс қоры еуропалық WLTP циклі бойынша 805 шақырымға дейін жетеді, ал небәрі 10 минуттық қуаттаудан кейін 372 шақырымға дейін қосымша жол жүруге мүмкіндік береді. Салыстыру үшін, Tesla Model Y толық зарядпен 622 шақырымға дейін жүре алады.
Жаңа кроссовердің бағасы 70 000 еуродан төмен болады, деп хабарлады BMW бас директоры Оливер Ципсе. Дегенмен, Қытай нарығындағы қатаң баға бәсекесіне байланысты компания бұл көрсеткішті төмендетуге мәжбүр болуы мүмкін.
«Саланың үздік өнімі»
«Бұл – бүкіл саладағы ең үздік өнім. Бұл жаһандық нарыққа арналған, эталондық сипаттамалары бар өнім», – деді Ципсе Bloomberg Television арнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, BMW бағдарламалық жасақтамаға, батареяларға және өндірістік қуаттарға 10 млрд еуродан астам қаржы құйды және енді компания инженерлік инновациялардағы көшбасшылық орнын қайтаруды көздеп отыр.
Тарифтік қысым және Қытай бәсекесі
Жаңа үлгінің тұсаукесері автосаладағы үлкен өзгерістер аясында өтті. АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтік саясаты өндірушілердің шығындарын арттырып, жабдықтау тізбегін қайта құруға мәжбүрлеуде. Сонымен бірге қытайлық автоөндірушілер Еуропаға белсенді кіріп, BMW, Volkswagen және Stellantis компанияларымен бәсекеге түсіп отыр.
2025 жылдың алғашқы жартысында Қытайда BMW және MINI сатылымдары 15%-ға төмендеді. Ал BYD, Xiaomi және Xpeng қолжетімді бағамен тартымды модельдер ұсынып, нарықтағы үлесін арттырды. Бұған жауап ретінде BMW қытайлық DeepSeek, Huawei және Alibaba компанияларымен серіктестікті дамытып, жергілікті тұтынушылар талғамына бейімделуде.
«Біз Қытайда да бәсекеге қабілеттіміз және солай қала береді. iX3 бұрынғыдан да «қытайлық» болады», – деді Ципсе.
Болашаққа жоспар қандай?
iX3 үлгісінен кейін келесі жылы жаңа электр седаны ұсынылады. Алдағы екі жылда BMW модельдерінің басым бөлігі Neue Klasse архитектурасына көшірілмек. Ципсенің айтуынша, бұл компанияға Еуропа, АҚШ және Қытай нарықтарында позициясын күшейтуге мүмкіндік береді.
«Біз бұл қаражатты әлдеқашан жұмсап қойғанбыз, енді міне жақсы табыс таба бастадық отырмыз», – деп түйіндеді BMW бас директоры.
Бұған дейін Mercedes компаниясы көліктеріне BMW қозғалтқыштарын салуы мүмкін деп хабарлаған. Бұл тарихи ынтымақтастық болмақ.