
Лондонда мигранттарға қарсы өткен жаппай митинг кезінде 26 полиция қызметкері жарақат алды. Акцияны оңшыл белсенді Томми Робинсон ұйымдастырды, оған шамамен 150 мыңға дейін адам қатысқан, деп хабарлады ВВС.
Томми Робинсон акцияны «сөз бостандығы үшін митинг» деп атаған. Британия жалауларын көтерген жұрт Кира Стармер үкіметінің отставкасын және мигранттар ағынын шектеуді талап еткен.
Британияда радикалды әрекеттерімен және бірнеше рет сотталғанымен белгілі Робинсон «мәдени революцияның» басталғанын айтып, «енді үнсіз көпшілік үнсіз қалмайды» деп мәлімдеген.
«Корольдікті біріктіріңдер» ұранымен өткен шарада жағдай ушығып, кейбір қатысушылар полицияға бөтелке және өзге де заттар лақтырған. Төрт офицер ауыр жарақат алғаны хабарланды. Полиция 25 адамды «зорлық-зомбылық» үшін қамауға алған.
Шара кезінде Лондон орталығында 1500-ге жуық полиция жұмылдырылған. Метрополитен басшылығының мәліметінше, кейбір қызметкерлердің тісі сынған, бас жарақатын алғандар бар.
«Бұл тек бастамасы, бүлікке қатысқандардың бәрі анықталады», – деді полиция өкілі.
Митинг бейбіт басталғанымен, күннің ортасында қарсы топ – Stand Up To Racism қозғалысының 5 мың жақтаушысы Уайтхолл көшесінде жиналып, екі топты бөлген полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Қақтығысты бақылау үшін атты және итпен жабдықталған жасақ та тартылған.
Полиция митинг ұйымдастырушылары күткеннен әлдеқайда көп адам келгенін атап өтті. Нәтижесінде Парламент алаңы мен Уайтхолл маңында орын жетпей, жұрт қауіпсіз аймақтарға заңсыз кіруге әрекеттенген. Бұл жағдай тәртіпсіздіктерді одан әрі өршіткен.
Лондон полициясы алдағы күндері бейнежазбалар арқылы бүлікке қатысқандарды анықтап, тергеуді жалғастыратынын хабарлады.
Бұған дейін, Ыстамбұлдағы наразылық тәртіпсіздікке ұласқанын жазғанбыз.