Жаңалықтар

Найзағай, бұршақ, тұман: Қазақстанның біраз өңірінде дауылды ескерту жарияланды

9-11 қараша ауа райы
Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды / Фото: shutterstock

Төтенше жағдайлар министрлігі 19-20 қыркүйек күндеріне дауылды ескерту жариялады. «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша елдің бірқатар өңірінде найзағай ойнап, қатты жел тұрып, тұман түседі.

«Алдағы үш тәулікте елдің басым бөлігінде ауа райын атмосфералық фронттар айқындайды. Оларға байланысты жекелеген өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, бұршақ пен дауыл соғуы ықтимал. 20 қыркүйекке қараған түні Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі. Республиканың көптеген өңірлерінде түнгі және таңғы сағаттарда тұман болжанады», – деп хабарлайды «Қазгидромет».

Бұршақ жауып, дауыл тұрады

19 қыркүйек күні Павлодар, Қарағанды, Ұлытау облыстарында қатты жаңбыр жауып, арты бұршаққа ұласады. Сондай-ақ Павлодар облысында жел екпіні 15-20 м/с артып, дауыл тұрып, найзағай соғады. Ал Қарағанды мен Ұлытау өңірлерінде түнде жәнге таңертең тұман күтіледі. Найзағайға байланысты бұл өңірлерде өрт қаупі сақталады.

Найзағай және өрт қаупі

Елдің батыс өңірлерінде де найзағай күтіледі. Сол себепті бірқатар өңірлерде төтенше өрт қаупі сақталады. 19 қыркүйек күні Маңғыстау облысының батысында, орталығында найзағай ойнап, жел күшейеді. Жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді деп болжанады. Ақтау қаласында да дәл осындай ауа райы күтіледі.

Атырау облысында бұл күні шығыс пен оңтүстік-шығыстан екпіні қатты жел соғады деп болжанады. Ал Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады.

Оңтүстік өңірлердегі ауа-райы

Жамбыл және Жетісу облыстарында таулы аудандарында найзағай ойнап, жел күтіледі. Бұл өңірлерде де жел екпіні секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін.

Алматы облысының солтүстігі мен оңтүстік аймақтарында найзағай күтіліп, таулы жерлерінде тұманды ауа райы сақталады. ТЖМ бұл өңірлерде де найзағайға байланысты төтенше өрт қаупі жоғары екенін ескертеді.

Басқа өңірлердегі жағдай

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында да найзағай ойнап, тұман түседі. Абай облысында жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Қостанай мен Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында тұман түсіп, түнде топырақ бетінде 2 градус үсік жүреді.