Жаңалықтар

Министр азық-түлік бағасына қатысты кәсіпкерлерге ескерту жасады

Азық-түлік бағасына қатысты жиын өтті/фото: shutterstock

Сауда министрі Арман Шаққалиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қымбаттатқандарға қатаң шара қолданылатынын айтты.

Бұл жайлы министр 80-нен астам сауда желілерінің өкілдері қатысқан кеңейтілген отырыста айтқан.

Жиында бағаны тұрақтандыруға бағытталған қосымша шаралар айтылған. Оған Қазақстан сауда желілері қауымдастығы, облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ Magnum Cash&Carry, Small&Skif, Anvar, Dina, Dana, Norma, Metro, Toimart, Galmart, INMART, Greenwich және басқа да ірі сауда желілері қатысқан.

«Министр Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15% мөлшеріндегі сауда үстемесін сақтау қажеттігін еске салып, бұзушылық тіркелген жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын ескертті», – делінген ақпаратта.

Мәселен, сауда үстемесін асырып жібергені үшін жыл басынан бері 2 191 қаулы шығарылып, 39,6 млн теңге айыппұл салынды.

Министрліктің хабарлауынша, ет өнімдері нарығында белгіленген сауда үстемесінің сақталуына ерекше назар аударылған. Әлеуметтік маңызы бар сиыр етіне үстеме бағаны асырғаны үшін 33 айыппұл салынған.

Сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ет өнімдерін сауда орындарына жеткізу кезінде үстеме бағаның сақталуын бақылау үшін қосымша мониторингтік топтар құрып жатыр.

Айта кетейік, елімізде «Береке Fest» акциясы өтеді. Акция аясында жаңа өнімдер, әсіресе халықтың сұранысына ие жаңа піскен көкөністер, жемістер мен сиыр еті ұсынылады. Сауда желілері қазақстандық өндірушілер үшін арнайы орындар бөліп, өнімдерді нарықтан төмен бағада сатуға мүмкіндік береді.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қазақстандықтардың жалақысы өскенмен, оның шынайы құны артпады. ТМД статкомитетінің дерегіне қарағанда, елдегі нақты жалақы индексі 100,3%-ды құраған.