Жаңалықтар

Кісі қолынан қаза тапқан полицейдің отбасына 23 млн теңге берілетін болды

Криминалист Құмар Шойтасов былтыр қаза тапқан/фото: polisia.kz

Қостанай облыстық полиция департаменті қаза тапқан қызметкердің отбасына 23 млн теңге өтемақы төлейтін болды. Бұл туралы tobolinfo.kz хабарлады.

2024 жылы Ұзынкөл аудандық полиция бөлімінің криминалисті Құмар Шойтасов қаза тапқан. Тергеу дерегінше, бұрын сотталған Виктор Сербокрыл полицейдің үйіне кіріп, оның үйіне келгенін күтіп, бірнеше рет пышақ сұққан. Шойтасов оқиға орнында қайтыс болды. Айта кетейік, бұған дейін ол криминалист ретінде Сербокрылға қатысты қылмыстық істі тергеуге қатысқан.

Сот үкімімен Сербокрыл өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жәбірленуші тарапқа 5 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Марқұмның анасы да ұлының қазасына байланысты полиция департаментінен 23 млн теңге көлемінде бір реттік өтемақы өндіру бойынша сотқа жүгінген. Алайда бірінші сатыдағы сот өтінішті қанағаттандырмай, қылмыс кезінде криминалист еңбек демалысында болып, қызметтік міндетін орындамағанын алға тартқан.

Бірақ апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойып, департаменттен қызметкердің соңғы атқарған лауазымындағы 60 айлық ақшалай өтемақы өндіруді міндеттеді.

Сот алқасы полицейдің өлімі оның кәсіби қызметімен тікелей байланысты екенін, қылмыскердің қылмысқа баруына дәл осы себеп болғанын атап өтті.

Шешім заңды күшіне енді.