Жаңалықтар

Halyk Bank Ресейдегі қонақүйін 5,6 млрд теңгеге сатып жатыр

Halyk Bank
Halyk Bank Ресейдегі қонақ үйін сатып жатыр/ Фото: halykzalog.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Halyk Bank Ресейдің Тула қаласында орналасқан парк-отельді 5,7 млрд теңгеге сатуды жоспарлап отыр. Бұл ақпарат банктің Halykzalog сайтында жарияланған.

Қонақүй кешенінің жалпы аумағы шамамен 10,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 8,3 мың шаршы метрі пайдалануға берілген, ал 2,2 мың шаршы метріне VIP-корпус пен SPA-орталықтың құрылысы аяқталмаған.

Отель Тула қаласының «Мәскеу» вокзалынан 12,2 шақырым және автовокзалдан 8,6 шақырым жерде орналасқан. Кешен бес негізгі корпустан және бірнеше инфрақұрылымдық нысандардан тұрады.

Мұнда мейрамхана, лобби-бар, спорт залы, конференция және банкет залдары, балалар бөлмелері, ойын алаңдары, ойын-сауық паркі, от жағатын арнайы алаң, сондай-ақ күзетілетін автотұрақ бар. Конференц-залдар заманауи техникамен жабдықталған.

Қонақүйде барлығы 89 нөмір қарастырылған:

  • 36 стандарт,
  • 34 «супериор»,
  • 3 жартылай люкс,
  • 5 мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған нөмір,
  • 2 люкс,
  • 6 апартамент,
  • 3 джакузимен жабдықталған люкс.

Сонымен қатар, сатылым туралы хабарламада шетел валютасының айырбас бағамына байланысты соңғы баға рубльмен келісім сәтінде бекітілетіні көрсетілген. Порталда сатып алушыларға арналған несие калькуляторы да қоса берілген, яғни болашақ иелері қонақүйді несиеге рәсімдей алады.

Halyk Bank – Қазақстандағы ең ірі банк. 2025 жылдың маусымындағы мәлімет бойынша, оның активі 18,6 трлн теңгеге жеткен. Банк Лондон мен Алматы биржаларында тіркелген, ал оның негізгі иесі – Құлыбаевтар отбасы.