
Ресейге жұмыс іздеп барып, Украинадағы соғыста қаза тапқан Қазақстан азаматының мәйіті елге қайтарылды. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев хабарлады.
Қаза тапқан азаматтың аты-жөні – Кәкімбек Мысаев. Ресейге 2024 жылдың басында жұмыс істеу үшін аттанған. Алайда жарты жыл өткен соң, Мысаев Украинадағы соғыстан бірақ шыққан. Туыстары бауырларының қалай соғысқа аттанып кеткенінен бейхабар. Кәкімбекпен 2024 жылдың соңында сөйлескен. Содан кейін хабар-ошарсыз кеткен.
«Ініміз Мысаев Кәкімбек Зейноллаұлы Ресей еліне 2024 жылдың қаңтар-ақпан айында жұмыс істеуге кеткен еді. Ресейде 6-7 ай шамасында жұмыс істеп жүрді. Соңғы рет 2024 жылдың желтоқсан айының басында хабарластық. Ол кезде де, өте асығыс сөйлестік. Одан кейін телефонына ешкім жауап бермеді. Қаңтар айының аяғында бізге Марсель деген жігіт хабарласып, соғыста қаза тапқанын жеткізді. Біз сенбей, дәлел сұрадық. Бірақ жауап қатпады. Біз Мейірман ағаға хабарласып, сол кісі Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне шыққан соң ғана осы жылдың тамыз айында бізге денесін берді», – дейді туыстары.
Мысаевтың туыстары қазақстандықтарды Ресейге барып жұмыс істеудің қаупін ескертіп, ол елге бармауға кеңес берді.
«Қазақ бауырлар! Ресейге ақша табу үшін жұмысқа кетіп қалып жүрмеңіздер! Біз солай інімізден айырылып отырмыз. Бармаңыздар», – дейді марқұмның ағасы.
Мейірман Шекеев те Ресейге барып жұмыс істеуге асықпау қажет деп санайды. Айтуынша, бұл бірінші рет болып тұрғане жағдай емес. Жұмыс іздеп барып, алдап-арбау жолымен соғысқа аттанып кеткендер көп. Тіпті кейбірі із-түзсіз жоғалған. Туыстары бір хабар біле алмай отырғандар бар.
«Бұл осындай бір ғана оқиға емес. Менде мұндай оқиғалардың бірнешеуі бар. Ресей федерациясына жұмысқа кетіп бара жатыр дегенді естіген бойда дабыл қаға бастау керек. Себебі жұмысқа кеткен адамдарды ол жаққа барған соң, алдап, арбап соғысқа жіберіп жатыр. Бұл ретте біз бауырлары іздеп жатқан азаматтың денесін тауып, елге қайтардық. Таба алмай, із-түзсіз кеткендер қаншама?! Сондықтан шетелге, әсіресе, Ресейге жұмысқа баратын кезде жақсылап ойлану керек», – дейді Шекеев.
Еске сала кетсек, осыған дейін Ресей түрмелерінде отырған қазақстандықтарды Украинадағы соғысқа қатысуға үгіттеп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Бірақ Қазақстан СІМ өкілі Ресей түрмесінде отырған бірде-бір азаматтың соғысқа кетпегенін айтты.
Мысаевтан бөлек, Украинадағы соғысқа 2024 жылдың мамыр айында Қазақстанның Ақмола облысы Бурабай ауылынан шыққан азаматы қайтыс болған еді.