
Мәжіліс мінберінде анасын құттықтап, басы дауға қалған депутат Ардақ Назаров өзінің қалай чемпион болғанын айтып берді.
«2005 жылы маусым айында мен тұңғыш қазақтан шыққан панкратионнан, ММА-дан әлем чемпионы болдым. 2006 жылы Таллин қаласында еуропалықпен төбелестім. 2007 жылы Алматы қаласында Brandon Garden-мен төбелестім. Атақты Ройс Грэйстің өзі алып келді. 2008 жылы екінші мәрте әлем чемпионы болдым», – деді Назаров kursiv.media тілшісіне.
Назаров жалпы ММА-дан 25 жекпе-жек өткізгенін еске салып өтті. Оның екеуінде тең түсіп, қалғанында жеңіске жеткен.
«2009 жылы Хьюстон қаласына тұңғыш қазақ болып барып, жергілікті чемпионды нокуатпен жеңдім. 2001-2010 жылдар арасында 10 жыл тоқтамастан, еліміздің туын көкке желбіреттім. Мен ММА-да қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы екенімді айта аламын. Маған дейін ешкім болмаған»,– деп толықтырды ол.
Назаров Америкаға барып төбелескен тұңғыш қазақ екенін де мақтанышпен айтты.
Бұған дейін Ардақ Назаров мәжілістің ресми отырысында анасын туған күнімен құттықтаған болатын. Жалпы отырыс кезінде депутат сауал жолдамас бұрын анасының 70 жас мерейтойымен құттықтағысы келетінін айтқан.