Жаңалықтар

Экс-депутаттың компаниясы Даниядан 330 асыл тұқымды сиыр әкелді

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

«Айс» компаниясы мен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 5,3 млрд теңге көлеміндегі сүт фермасын салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында Даниядан 800 асыл тұқымды сиыр әкелу жоспарланған.

Қазірдің өзінде компания Даниядан голштин-фриз тұқымының 303 сиырын жеткізген. Тағы 470 бас малды жыл соңына дейін әкелу көзделген.

Жоба «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 3,25 млрд теңге мөлшерінде 2,5% жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылды.
Компания өкілдерінің айтуынша, ферма құрылысы биыл аяқталуы керек. Жалпы инвестиция көлемі – 5,3 млрд теңге. Кешен жылына 10 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы.

Жаңа жобаны іске асыру нәтижесінде 50 маусымдық және 17 тұрақты жұмыс орны ашылды.

«Айс» компаниясы 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Ол балмұздақ, айран, сүт, йогурт, кілегей және ірімшік өндіреді. Сайтында көрсетілгендей, бұл – өңірдегі «алаңнан сөреге дейін» қағидасымен жұмыс істейтін ең ірі толық циклді кәсіпорын.

Компанияның 11 құрылтайшысы бар, олардың тоғызы – Итегұловтар әулетінің өкілдері. Олардың қатарында бұрынғы Жоғарғы Кеңес депутаты әрі екі мәрте Мәжіліс депутаты болған Марал Итегұлов та бар.

«Айс» компаниясының сүт-тауарлы фермасын кеңейту жобасының жалпы құны 7,4 млрд теңге деп бағаланған. Жоба жүзеге асқаннан кейін компания өндірген сүттің бағасы 540 теңгеге дейін төмендейді деген болжам бар.