Жаңалықтар

«Наурыз» ипотекасы 3 қарашадан басталады

фото: ашық дереккөзден

3 қарашадан бастап «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» ипотекалық бағдарламалары бойынша қосымша өтінім қабылдау басталады деп хабарлады «Отбасы банк».

Бұл жолғы қабылдауға көктемгі іріктеуден өтпеген азаматтар да қатыса алады.
Басты шарты – соңғы бес жылда өтінім берушінің және оның отбасы мүшелерінің атына тіркелген тұрғын үй болмауы.

Ипотеканың негізгі шарттары:

Бастапқы жарна:

  • таза әрлеудегі жаңа тұрғын үйге – 10%-дан бастап
  • екінші деңгейлі тұрғын үйге – 20%-дан бастап

Сыйақы мөлшерлемесі:

  • әлеуметтік осал топтар үшін – 7%
  • басқа азаматтар үшін – 9%
  • Несиенің мерзімі: 19 жылға дейін

Қарыз сомасы:

  • өңірлерде – 30 миллион теңгеге дейін
  • Астана мен Алматыда – 36 миллион теңгеге дейін

Бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы банкінде» кемінде 2 миллион теңге көлемінде депозит болуы қажет; соңғы алты айдағы ресми табысыңыз расталуы тиіс.

Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек құрылыс компанияларынан  жаңа тұрғын үй сатып алуға болады. Қалған өңірлерде – кез келген тұрғын үйді, соның ішінде екінші нарықтағы пәтерлер мен жеке үйлерді сатып алуға мүмкіндік бар.

Өтінім беру тәртібі

«Наурыз» бағдарламасына қатысу өтінімдері онлайн форматта, банктің ресми сайтындағы Baspana Market бөлімінде қабылданады.

Krisha.kz мәліметінше, өтінім беру мерзімі – 3 қарашадан 1 желтоқсанға дейін.
Деректер мен тұрғын үйдің мәртебесі тексерілгеннен кейін балдық жүйе бойынша конкурстық іріктеужүргізіледі. Бағалау кезінде мына көрсеткіштер ескеріледі:

  • депозит мөлшері,
  • отбасылық жағдай,
  • балалардың бар-жоғы,
  • жасы (35 жасқа дейінгі үміткерлерге басымдық беріледі),
  • әлеуметтік осал топқа жататыны.

3 қарашадан бастап «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы бойынша да өтінім қабылдау басталады. Бағдарлама жұмысшы мамандық иелеріне арналған. Өтінімдер «Отбасы банкінің» филиалдарында қабылданады.

 17 қарашада үкімет жеңілдетілген ипотека көлемін екі есеге – 500 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Соның аясында «Наурыз», «Наурыз жұмыскер» және әскери баспана бойынша ипотекалық бағдарламалар қайта басталады.