
«Астана ЭКСПО-2017» компаниясында пара алу және жымқыру дел бойынша ұсталған Айдос Есполов пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші әйелі Әсел Құрманбаеваның туыстық қатынасы жалған болып шықты.
Бұл туралы Қазтаг агенттігі журналист Гүлжан Ерғалиеваға сілтеме жасап хабарлады.
«Бірнеше ай бұрын «Орда» мен Елмедиада егжей-тегжейлі баяндалған ЭКСПО-2017 көрмесінде 2,2 млрд теңге қаражатты жымқырды деп күдікке ілініп, қамауға алынған Айдос Есполов Әсел Құрманбаеваның туған ағасы емес, олардың аналары мен әкелері әртүрлі. Бұл жалған туыстық», – деп келтіреді Ерғалиеваның сөзін Қазтаг.
Журналист Құрманбаева тегі Әселдің анасының тегі екенін, ал әкесі тараптан тегі Исабаева екенін атап өтті. Бұған қоса, қамауға алынған Айдос Есполов бұрынғы «Нұр Отан» партиясының идеологиялық жетекшісі Тілектес Есполовтың баласы екенін айтып, оған Құрманбаеваның қатысы жоғын сөз етті.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполовтың ұсталғанын хабарлаған едік. БАҚ ақпаратына сүйенсек, ол 2,2 млрд теңге жымқырған.