
Шымкент тұрғындары әлеуметтік желіде қалада ауа ластанып, белгісіз иіс шыға бастағанын, түтін басқаны жөнінде апта бойы жазып жатыр. Бірі күйіктің иісі десе, енді бірі оны газ және күкірт иісіне теңеп жүр. Кейбірі иіс терезені жапсаң да сезілетінін айтып, шағымданған. Сасыған иістен мезі болған жұрт тиісті мекемелерден мұны бақылауға алуды сұрайды.
Қаладағы иіс қайдан шықты?
Тұрғындардың айтуынша, ауа, әсіресе, таңертең және кешке ластанып, белгісіз иіс анық байқалады. Бұл бір күн емес, аптаға созылды. Енді түтіннің иісіне бензин, өртенген баллонның иісі сияқты түсініксіз бірақ жағымсыз иіс қосылған.
«ҚазақГазАймақ» мекемесінің дерегінше, газдың иісіне қатысты тұрғындар жиі шағымданған. Мамандар айтылған мекенжайларға барып, сараптама алып тексерген. Нәтижесінде табиғи газдың таралуы анықталмаған. Бірақ белгісіз иістің бар екенін байқаған.
Қалалық экология департаменті де жағымсыз иіске қатысты шағым жиілегенін хабарлады. Әр арыз негізінде мамандар ауа сапасын тексерген. Күні кеше ғана бірнеше ауданнан көміртек оксиді мен азот диоксидінің жоғарылағаны тіркелген. Десе де, экологтар бұл рұқсат етілген деңгейден аспаған деп отыр.
«Көрсеткіштер кейде көтеріледі, бірақ бәрі белгіленген нормада. Бұрын көміртек оксиді 0,5-0,7 болса, кеше 4,5 болды. Мұндай деңгей денсаулыққа зиян емес. Қазір қалада температуралық терістеу, желдің әлсіздігі байқалуда. Бұл – қаланың үстінде түтін тұрып қалуына негізгі себебі», – дейді басқарма қызметкері Светлана Фадеева.
Мамандардың айтуынша, ауа сапасының нашарлауына бірнеше фактор әсер етеді. Айталық, өндіріс орындары, жылдан-жылға көбейіп жатқан автокөлік, сондай-ақ әлі де көмір мен қатты отын қолданып, үй жылытатын жеке сектор. Сондықтан қалада экологиялық жағдай алдағы уақытта да нашарлай түсуі мүмкін.
Әкімдік уәжі
Тұрғындардың дабыл қағып, ауа сапасын тексеруді талап етуінен қала әкімдігі де хабардар. Бірақ жергілікті билік алаңдауға негіз жоқ, бұл қалыпты жағдай деп сендіреді.
«Қала аумағында кешкі уақытта ауа түтінінің байқалуы бұл біріншіден температураның төмендеуінен, желдің болмауынан, автокөліктердің шоғырлануы және оны күннің салқындауына байланысты қыздыруынан. Жеке секторларда құрғақ шөпті, күзгі жапырақтарды жағуға болмайды. Сондай-ақ, қала аумағында қатты отынды тұтынатындар бар. Мұның да қаладағы ауа температурасына, иіске әсер етеді», – деп хабарлады бүгін қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Оның айтуынша, «Қазгидрометтің» қала аумағында 7 экологиялық қабылау бекеті бар. Қазірге қалада ауаның жоғарғы ластануы тіркелмеген.
Дәрігерлер түтінмен байланысты ауруы асқынған науқастар тіркелмегенін айтады. Бірақ қыс басталғалы респираторлық инцекция аурулары көбейген. Ал созылмалы өкпе және тыныс демікпесі ауруына шалдыққандар үшін тіпті рұқсат етілген деңгейдегі ауаның ластануы жағдайын нашарлатуы әбден мүмкін.
«Өкпе және тыныс демікпесі ауруы көбіне триггерлерге байланысты күшейеді. Яғни бұл аллерген, вирустар, бактериялар және ластанған ауадағы зиянды заттар. Бұл факторлар өкпе және тыныс демікпесі ауруының асқынуына тікелей әсер етеді. Мұндай науқастар үшін ауа ластануы – ең қауіпті триггерлердің бірі», – дейді №2 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі Гүлсім Байділдаева.
Экология департаментінің дерегінше, биыл алғашқы жартыжылдықта 104 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Оның жүзден астамы зиянды заттардың шекті мөлшерін асырғандар байланысты. Олардың көбіне көлік құралдарына қатысты. Ауаны ластаған кәсіпорындарға қатысты 3 іс тіркелген. Жалпы айыппұл көлемі 3 млн теңгеден асқан.