
Алматыда қайырымдылық қоры басшысына айыппұл салынды. Әйел 15 жастағы жасөспірімді қаладағы базарға жіберіп, ақша жинатқызған.
Алматы сотының хабарлауынша, жасөспірім базарда өткен-кеткеннен қайырымдылыққа ақша бөлуін сұраған, осылайша қоғамдық тәртіпті бұзған. Сондай-ақ қайырымдылық қызметін реттейтін заң нормалары бұзылған.
Содан кейін қор директорына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 128-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сотта ол кінәсін мойындап, іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растады.
Бұл бапта жеке тұлғаларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Сот әйелді кінәлі деп танып, оған 196 мың теңгеден астам айыппұл салды.
Charities Aid Foundation ұйымының дерегіне сүйенсек, қазақстандықтар табысының 1,2%-ын қайырымдылыққа жұмсауға дайын.