Жаңалықтар

«Жайық» бұрынғы футбол клубтың ойыншылар алдындағы қарызын қайтарды ма

Фото: kursiv.media архиві

«Жайық» (бұрынғы- Ақ Жайық) футбол клубы жаттықтырушылар мен ойыншылар алдындағы 65 млн теңге қарызын қайтарды ма? Бұл сұраққа Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жауап берді.

Өңір әкімі клуб айналасында жалақыға қатысты болған дау толығымен шешілгенін айтады.

«Бүгінгі күні 65 млн берешек ақша жоқ, түгелдей жабылды. Ешқандай спортшыларға да, жаттықтырушыларға да, клубтағы футболшылар алдында да жалақы бойынша бірде-бір қарызымыз жоқ. Бірінші лига кезеңінде жақсы нәтиже көрсетіп өттік. Егер де бюджеттке келер болсақ, мемлекеттік тапсырыс заңына сәйкес өзіміздің бюджеттен қолдау тетіктеріне орналастыруға болады, оған шектеу енгізілмеген. Мемлекеттік тапсырысқа орналастыра аламыз деді», –  аймақ әкімі Астанада өткен брифинг кезінде.

Еске салайық, биыл жыл басында БҚО-да «Жайық» атауымен жаңа футбол клубы құрылды. «Ақжайық» футбол клубы 2024 жылы борышкерлер тізіміне енген болатын. Сондықтан клуб мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан толық айырылып, нәтижесінде 36 қызметкер 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында жалақысын алмаған. Жаңа клуб бұрынғы «Ақжайық» ойыншылары мен жаттықтырушыларының жалақы қарызын төлеуді өз міндетіне алды.