Жаңалықтар

Владимир Ким мен Эдуард Огай «Қазақмыс» компаниясын сатуға келісті

Владимир Ким
Фото: kazakhmys.crealog.kz

«Қазақмыс» акционер ауыстыруға дайындалып жатыр. Корпорация президенті Владимир Ким мен директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай ортақ шешімге қол қойды. Бұл туралы Kursiv.Media компания таратқан мәлімдемеге сүйене отырып хабарлады.

Мыс өндіруші ірі кәсіпорынды сату жөніндегі келісімшартқа жақында қол қойылады. Компаниядағылар «Қазақмыс» қожайынын ауыстыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің арнайы рұқсаты қажет екенін ескертіп отыр.

«Сонымен бірге серіктестерді, кредиторларды, миноритарлық қатысушыларды және басқа да мүдделі тараптарды хабардар ету процесі жүргізіледі», – деп мәлімдеді «Қазақмыс».

Мұндай шаралар сауданың ашықтығын, компания міндеттемелерін сақтауды көздейді.

Бұған қоса, «Қазақмыс» акционердің ауысуы кәсіпорын жұмысына «әсер етпейді» деп отыр.

«Қазақмыс» қызметі стратегиялық жоспарға сай жалғаса беред», – деп таратты корпорация.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қарашаның аяғында Qazaq Stroy құрылыс компаниясының қожайыны, кәсіпкер Нұрлан Артықбаевтың «Қазақмысты» сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған.

«Қазақмыс» корпорациясының негізгі акционері – Владимир Ким. Ол Kazakhmys Holding Limited компаниясының 70% акциясына ие. Ал Эдуард Огай құнды қағаздардың 30%-ын ұстап отыр. Екеуі холдинг арқылы «Kazakhmys Copper» мен «Kazakhmys Coal» компанияларына да ие.

Владимир Ким Қазақстанның ең бай адамдары тізімінде үшінші орында тұр. Forbes оның дәулетін 5,7 млрд долларға бағалаған.