
Владимир Зеленский АҚШ-пен талқыланып жатқан бейбітшілік келіссөзі жобасының жиырма тармағын алғаш рет жариялады. Украина президенті осы құжат Ресеймен арадағы соғысты аяқтауға негіз болады деп есептейді.
Бірнеше аптаға созылған келіссөздер барысында, украин басшысының мәлімдеуінше, тармақтардың көбі бойынша ұстаным біршама жақындай түсті. Дегенмен Украина мен АҚШ әлі де болса екі ереже бойынша ортақ келісімге келе алмай отыр. Олардың бірі аумақты бақылауға қатысты болса, екіншісі Запорожье атом электр станциясына байланысты.
Келіссөз жобасының 20 тармағын Reuters агенттігі де жариялады:
- Украинаның егемендігі қайта расталады.
- Бұл тармақ Ресей мен Украина арасындағы келісімге арналған. Көрші елдер арасындағы бейбітшілікті ұзақ ұстап тұру үшін шекараны ғарыштан бақылау, ереже бұзылғанын ерте анықтау, қақтығыстарды шешу.
- Украина сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін алады.
- Украина қарулы күштеріндегі қазіргі 800 мың жауынгерін сақтайды. Бұған дейін АҚШ ұсынған жобада армияны қысқарту туралы айтылған еді.
- Құрама Штаттар, НАТО және Еуропа одағы Украинаға қауіпсіздік туралы кепілдік береді.
- Ресей Еуропа мен Украинаға шабуылдамайтынын заңдар мен құжаттарда рәсімдеп, Думада қабылдайды.
- Украинаның ЕО-ға мүше болатын нақты күн белгіленеді. Киев Еуропа нарығында аз уақыт болса да жеңілдік алады.
- Украина инвестиция мен қайта өркендеуді көздейтін келісімдер топтамасына ие болады.
- Экономиканы, тас-талқаны шыққан аймақтар мен өңірлерді қалпына келтіру, гуманитарлық мәселелерді шешу үшін бірнеше қор құрылады. Украинаға көмектесуге 800 млрд доллар қажет.
- Украина Құрама Штаттармен еркін сауда келісімін жасау ісін жеделдетеді.
- Украина ядролық қаруы жоқ ел екенін тағы растайды.
- Запорожье атом электр станциясы. Зеленский Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы бойынша АҚШ-пен әлі келісімге келмегенін айтты. Нысан Ресей күштерінің бақылауындағы аумаққа жақын орналасқан.
- Украина мен Ресей мектептерде, қоғамда мәдениеттердің бәрін түсіністік, төзіммен қарауды насихаттайды. Нәсілшілдік пен алалаушылықты жоятын білім беру бағдарламасын енгізеді.
- Жер. Зеленский ең күрделі тармақ әлі шешілмеген мәлімдеді. Ресей Донецк облысының шығыс бөлігінен украин күштерінің шығуын талап етті. Киев ұрысты қазіргі майдан сызықтарында тоқтатуды қалайды. Вашингтон Донецк өңірінің бір бөлігінде әскерден азат, еркін экономикалық аймақ құруды ұсынды.
- Жерге қатысты келісім жасалған соң Ресей мен Украина оны күшпен өзгертуге тырыспайды.
- Ресей Украинаға Днепр өзені мен Қара теңізді коммерциялық мақсатта пайдалануға кедергі жасамайды.
- Әлі де даулы мәселелерді шешу үшін гуманитарлық комитет құрылады.
- Украина келісімге қол қойылғаннан кейін мүмкіндігінше тезірек сайлау өткізуі керек.
- Осы келісім заңды күшіне ие болады. Оның орындалуын президент Дональд Трамп төрағалық ететін Бейбітшілік кеңесі қадағалайды. Украина, Еуропа, НАТО, Ресей және Құрама Штаттар осы механизмнің бөлігіне айналады. Тәртіп бұзғандарға санкция салынады.
- Тараптар келісімге отырған соң атыс тоқтайды.
Украина мен Ресей арасындағы соғыс 2022 жылғы 24 ақпанда басталды. Жоғары деңгейдегі бірнеше кездесу өткеніне қарамастан, тараптар үш жылдан бері бауырлас елдер арасындағы қарулы жанжалды тоқтата алмай келеді.