
25 желтоқсанда Сенат «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын қарап, оның бірқатар баптарымен келіспеді. Соның нәтижесінде заң жобасы түзетулер енгізу үшін Мәжіліске қайта жіберілді.
Сенаторлардың айтуынша, заңдағы кейбір нормалар банктерге қойылатын талаптарды шамадан тыс күшейтеді. Бұл кредиттің қымбаттауына әкелуі мүмкін. Ал кредит азайса, бизнеске де, экономикаға да оңай тимейді.
Сенаторлар неге алаңдайды?
Талқылау кезінде сенаторлар банкирлерді және қаржы саласының сарапшыларын тыңдаған. Олар қатаң реттеу:
- халық пен бизнес үшін кредиттің қолжетімділігін төмендетуі мүмкін;
- инвестициялық белсенділікті әлсіретуі ықтимал;
- экономиканың нақты секторына бағытталатын қаржы көлемін қысқартуы мүмкін екенін айтқан.
Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Макежанов заң жобасының кейбір нормалары экономикалық тұрғыдан қосымша бағалауды қажет ететінін атап өтті. Оның айтуынша, банк секторын бақылау күшеюі керек, бірақ ол банктердің тұрақты жұмыс істеуіне кедергі болмауы тиіс.
Сенат қандай өзгерістер ұсынды?
Сенат қорытындысында заң жобасына қатысты бірнеше нақты ұсыныс берілді. Атап айтқанда:
- базалық лицензиямен жұмыс істейтін банктің әмбебап лицензияға көшу талаптарын нақтылау;
- қор биржалары мен клирингтік ұйымдардың төлемдер мен ақша аударымдарын орындау құқығын айқындау;
- шетелдік ислам банктерінің филиалдарына кейбір инвестициялық қызмет түрлеріне рұқсат беру;
- банк директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшелеріне қойылатын талаптарды нақтылау;
- банктердің клиент қаражатын даусыз тәртіппен өндіріп алуына шектеу қою;
- азаматтардың өтініштерін қарау тәртібін нақтылау;
- банк құпиясы талаптарын мемлекеттік қазынашылық органдарына да қолдану;
- шоттардағы қаражатқа тыйым салуға болмайтын жағдайларды кеңейту;
- жүйеқұраушы банкті сауықтыруға арналған қаражат көздерін нақтылау.
Қандай нормалар ең көп дау тудырды?
Заң жобасындағы ең көп пікірталас тудырған нормалардың бірі – жүйеқұраушы банктердің қарызы үшін басқа банктердің «ортақ жауапкершілік» алуы. Сондай-ақ банктердің клиенттермен қарым-қатынасына қатысты «мінез-құлықтық бақылау» тетігі де сынға ұшырады. Сенат бұл нормаларды қайта қарауды ұсынды.
Жаңа құжаттағы негізгі жаңалыұ – банктің қаржыыжағдайына қарай кезең-кезеңмен қолданылатын үш дағдарысқа қарсы режимді енгізу болатын.