
2025 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 6%-дан асады деп күтіліп отыр. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Президенттің баспасөз-хатшысы Руслан Желдібай жыл қорытындысын жариялады.
Ішкі жалпы өнім көлемі 300 млрд доллардан асып, жан басына шаққанда шамамен 15 мың долларға жетеді.
Жыл ішінде елде жалпы құны 1,478 трлн теңгені құрайтын 185 инвестициялық жоба пайдалануға берілген. Соның нәтижесінде 22,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда өндіріс көлемі 2,3 трлн теңгеге жуықтайды, бұл экономикаға қосымша серпін береді.
2025 жылы бірқатар ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік нысан іске қосылған. Атап айтқанда, Достық – Мойынты темір жолының екінші желісі, Қостанай облысындағы KIA Qazaqstan автокөлік зауыты пайдалануға берілді.
Сонымен қатар Шымкент пен Қызылорда әуежайларында жаңа терминалдар ашылып, Астанада Stadler Kazakhstan зауытында алғашқы вагон шығарылды.
Бұдан бөлек, қара және түсті металлургия, химия, целлюлоза-қағаз, жеңіл және тағам өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында да бірқатар жаңа өндірістік жобалар іске қосылған.
Десе де, сарапшыларының бағалауынша, 2026 жылы 2025 жылғы жоғары өсімді қамтамасыз еткен факторлар әлсірей бастайды. Мұнай өндірудегі қарқын бәсеңдейді, ал ішкі сұраныс бұрынғыдай болмайды.