Жаңалықтар

Нарықтық құны 70 млрд доллардан асты: 2025 жылы қандай компаниялар қымбаттаған

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы Қазақстанның қор нарығы нақты экономикадан әлдеқайда жылдам өскен. KASE индексіне кіретін компаниялардың нарықтық капитализациясы бір жылда 23,3%-ға артып, 70 млрд АҚШ долларынан асты. Ал ел экономикасының өсімі осы кезеңде 6,5%-ды құрап, биржа өсімі одан төрт есе жоғары болды. Бұл туралы Жеке инвесторлар қауымдастығы жазады.

Нарықтық капитализацияның ұлғаюы KASE индексінің динамикасымен тығыз қабысып жатыр: индекс 2025 жылы номиналды түрде 26,4%-ға өсіп, 7031,31 пунктке жеткен.

2025 жығы инфляцияны (12,3%) шегеріп тастаса да, нақты өсім 13,7%- ды құрайды. Бұл ең өтімді қазақстандық акциялардың инвесторлар үшін айрықша тартымды болғанын көрсетеді.

QAMS есебіне сәйкес, 2025 жылдың айқын көшбасшысы – «ҚазМұнайГаз». Компанияның нарықтық құны бір жылда 55%-ға өсіп, 26,4 млрд долларға жетті. Оның акциялары тек жергілікті нарықта саудаланатынына қарамастан, ықпалы өте жоғары.

Топ үштікке енетін Kaspi.kz капитализациясы акция бағасының 26%-ға төмендеуіне байланысты 19,8 млрд доллардан 15,3 млрд долларға қысқарды. Ал «Қазатомөнеркәсіп», керісінше, 45%-дық өсім көрсетіп, 14,5 млрд долларға жетті.

2025 жылғы банк секторының акцияларын өсім драйверіне айналды. «Халық банктің» нарықтық құны 50% өсіп, 8,1 млрд долларға жетті.

«Банк ЦентрКредит» капитализациясын бір жылда екі есе арттырды. Оған қаржы ұйымдарының акцияларына деген сұраныстың артуы себеп. Мәселен, былтыр БЦК-нің жай акциялары 112,7%-ға қымбаттаса, «Халық банктің» қағаздары 47,4%-ға өсті.

Kcell, «Қазақтелеком», KEGOC және «ҚазТрансОйл» акциялары қалыпты, бірақ тұрақты өсім көрсеткен. Бұл үрдіс нарықтың бір ғана эмитентке тәуелді болудан арылып, анағұрлым әртараптанғанын аңғартады.

Егер 2024 жыл жекелеген оқиғаларға негізделген нарық болса, былтыр мұнай, уран және банк секторлары қатар өсті.

2025 жыл KASE-дегі инвесторлар үшін контрастқа толы жыл болды. Бірқатар компаниялар акция бағасын еселеп өсірсе, кейбір ірі ойыншылар жылды айқын минуспен жапты.