
Қазақстанда құрастырылатын көліктерді шетел нарығына шығару мәселесі әзірге келіссөз кезеңінде. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков журналистердің сұрағына жауап беру барысында айтты.
Вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда көлік өндірісі бар және экспортқа шығару да жоспарда бар. Алайда нақты қай елдерге жөнелтілетіні әзірге жария етілмейді.
Журналистер Ресей, Қытай немесе Қырғызстан сияқты елдерді нақтылап сұрағанымен, Олжас Сапарбеков бұл мемлекеттердің де өз өндірісі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан тарапы Еуропа Одағы елдерімен де келіссөздер жүргізіп жатыр. Бірақ вице-министр нақты мемлекеттердің атын атаудан бас тартты. Себебі келіссөздер әлі аяқталмаған, ал ерте жариялау бәсекелестікке әсер етуі мүмкін.
«Қазір келіссөз кезеңіндеміз. Нақты шешім қабылданған кезде ғана бұл ақпаратты ашық жариялаймыз», – деді Олжас Сапарбеков.
Сондай-ақ ол Қазақстанда жасалған көліктерді экспорттау бойынша тек Еуропамен ғана емес, басқа да елдермен байланыс жүргізіліп жатқанын айтты. Дегенмен бір-екі нақты мемлекетті атау мүмкін емес екенін жеткізді.
2026 жылы осы келіссөздердің нәтижесі көріне ме деген сұраққа вице-министр
«Тырысамыз, биыл көреміз», – деп жауап берді.
2025 жылы елде 171,1 мың көлік құрастырылды, осылайша отандық автокөлік өндірісі рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстандық автокөлік одағының (ҚАО) мәліметінше, шығарылған көліктердің жалпы құны 2,3 трлн теңгеден асты. 2024 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 17,8%-ға артқан.