
Ұлттық құрылтай барысында Тоқаев мемлекеттік рәміздерге, оларды пайдалануға ерекше назар аударды. Ол көк туды көлікте, үйде, көшелер мен спорттық шараларда пайдалану ұлт ретінде тұтас екеніміздің айқын көрінісі деп атап өтті. Бұл жайлы жиыннан хабар таратқан Kursiv.Media жазады.
«Кез келген жағдайда патриотизмді нығайтуға тырысу қажет және мемлекеттік символиканы – туымызды, елтаңбамызды, көліктерде, үйлерде, көшелерде және елімізде немесе шетелде өтетін спорттық және басқа да іс-шараларда дұрыс пайдалану маңызды. Көк туымыздың желбіреп тұрғанын көргенде, ерекше қуаныш сезіледі. Бұл арқылы еліміздің азаматтарының бірлігі мықты, ұлт ретінде тұтас екеніміз айқын көрінеді. Осындай әрекеттер олардың туған елін мақтан тұтатынын көрсетеді», – деді ол.
Тоқаев алда мемлекеттік рәміздер жайлы заңға жаңа нормалар мен ережелер қосылатынын аңғартты.
«Қазір қоғамда Қазақстанның мемлекеттік туын қалай және қашан қолданамыз деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерге жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс», – деді сөзінде президент.