
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басатын жүйе әзірлеуді тапсырды.
«Үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайды. EGov AI деп аталатын әмбебап жасанды интеллект-көмекшісін (ассистентін) әзірлеу керек. Барлық азаматқа қолжетімді болатын осы жүйе біртіндеп Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басады», – деді президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Одан бөлек үкімет үй шаруашылықтарының әлеуметтік цифрлық профилін қалыптастыруға тиіс. Сонда әлеуметтік көмек те шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға беріледі.
«Қаржылай төлемақыдан бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмек, баспана немесе білім алуға берілетін ваучерлерге дейінгі қолдаудың барлық түрі банк және төлем инфрақұрылымымен тығыз байланысқан «Әлеуметтік әмиян» арқылы берілуге тиіс», – деді Тоқаев.
Үкімет әкімдіктермен бірге бұл тәсілді жыл соңына дейін тездетіп іске қосуы қажет.
Бұған дейін Тоқаев Конституция жобасына тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға қатысты норманы енгізуді ұсынды. Айтуынша, қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн.